Өскемендегі көпір жөнделді

Өскеменде 70 жыл бұрын салынған көпірді жөндеу жұмыстары аяқталды.

Оны қалпына келтіруге 5 ай жұмсалды. Былтыр күзде қаланың өнеркәсіптік ауданына апаратын көпірдің тіреуішін су шайып кеткен. Содан бері ол апатты деп жабылғанды.

Күзде қатты нөсерден соң Үлбінің суы көтеріліп, ескі көпірдің тіреуішін шайып кетті. Содан өткелмен көлік қозғалысына тыйым салынды. Бұл қаладағы қатынасты қиындатып, кептеліске себеп болды.

Бірақ жөндеу жұмыстары шұғыл түрде қолға алынды. Көпірдің техникалық жағдайы толық зерттеліп, негізгі құрылымы күшейтілді.

Марат Жүнісов, мердігер ұйымның директоры:

- Көктемгі тасқын уақытына дейін үлгеру керек болды. Сондықтан жанталасуға тура келді. Жігіттер ауысымдық режимде жұмыс істеді. Ақыры жоспарлаған межеден шықтық.

Күн сайын 6 мың көлік өтетін көпір қалпына келтірілді. Дегенмен қалада жағдайы сын көтермейтін көпір көп. Мысалы металлургиялық кешендерге апаратын техникалық өткелдің де тозығы жеткен. Әкімдік өкілдері оны да назарға алмақ. Жалпы алдағы уақытта қалада соңғы он жылда болмаған жол жөндеу жұмыстары басталады.

Абзал Мәулетханов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:

- Биыл 29 учаскеде орташа жөндеу жүргіземіз. 29 көшеде жолдың ой-шұңқыры жабылады. Нақты қай көге, қай ықшам аудан екенін жақында жариялаймыз.

Биыл облыста «Жол жылы» деп жарияланды. Тиісті жұмыстарға 28 миллиард теңге жұмсалады. Сол себепті тоз-тозы шыққан жолдан қажыған жұртта үлкен үміт пайда болды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин