Ақтауда сарбаздар жауынгерлік дрон құрастырды
Ақтауда теңіз жаяу әскері бригадасының сарбаздары жауынгерлік дрон жасап шығарды.
Ұрыс машинасы 10 келі тартады. Шағын пішіндегі броньды техника көше жағдайында қолданысқа ыңғайлы. Ең қызығы, оны өнертапқыш сарбаздар қолда бар құралдардан құрастырған. Әскери бөлім басшылығы ерекше жобаны қолдап, оған пулемет орнатуға рұқсат берген.
Жауынгерлік дронды қатардағы жауынгерлер Жүсіп Барманқұлов пен Баттал Османов құрастырды. Өнертапқыш жігіттер он ай бұрын Түркістан өңірінен әскерге шақыртылған. Екеуі де оқушы кезінен робототехникамен әуестенеді. Баттал жастайынан компьютерлік дизайн өнерін меңгерсе, Жүсіп «Техник-электрик» мамандығы бойынша колледж бітірген.
Жоба авторлары екі апта бойы сызбасын жасап, дронды әскери қоймада бар бөлшектен құрастырған. Броньды машина жеңіл көліктің аккумуляторынан қуат алады. Сағатына 15 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. 7,62 калибрі пулемет қондырылған мұнарасы 360 градусқа бұрылады. Оператор дронды қауіпсіз жерден басқарып, жауға бір минутта 500-600 оқ жаудырады.
Жүсіп Барманқұлов, қатардағы жауынгер:
- Қашықтықтан басқарылатын «Барыс» атты машина ойлап таптық. Бұл машинаның артықшылықтары - жаудың тірі күшін және жеңіл броньды техникаларын жоюға арналған құрылғы. Тегіс жолда да, тегіс емес жолда да жылдамдығы бірдей.
Ердос Саимов, рота командирі:
- Бұл екі сарбазды мен бірінші күннен бастап жақсы танимын. Өз істерінің шебері, осы әскери қызметін атқару барысында өздерін тек қана жақсы жағынан көрсете білді. Алдағы уақытта қорғаныс министрлігінің тарапынан еліміздің жоғары оқу орнында тегін түрде білім алуға жолдама беріледі.
Сарбаздар жобасын университет қабырғасында жетілдіруді көздейді. Оған қуатты қозғалтқыш пен гранат атқыш орнатып, танк немесе әуеден барлаушы дронды жоюға қабілетті етпек.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев