Ресейлік суретшінің туындыларындағы қазақ оюы
Қазақтың ою-өрнегі ресейлік суретшінің туындыларында жаңаша көрініс тапты.
Отандық қолданбалы өнер шеберлері оның еңбегін жоғары бағалап отыр. Ол Астанаға көшкелі өз шығармаларының стилін өзгерткенін айтады. Сәндік суреттерінің көбінен қазақы стильді көруге болады.
Иван Левенко осыдан екі жыл бұрын Санкт-Петербордан Астанаға көшіп келген. Содан бері суреттеріндегі нақыштардың өзгергенін айтады. Суретшінің жалпы түркі мәдениетіне деген қызығушылығы өнер туындыларында анық байқалады.
Иван Левенко, суретші:
- Менің шығармаларымда шығысқа тән түстер мен өрнектер бұрыннан бар десем де болады. Қазір үзеңгілестерімнің бәрі суреттеріме қарап, шығыстық өрнектер көбейіп бара жатқанын айтады. Алайда мен этнографиялық тұпнұсқаларды қолданбаймын. Түрлі мәдениеттерді араластырып бейнелегенді жақсы көремін.
«Бұл «Көктем» деп аталатын топтама. Әр суретінің «Наурыз», «Көктем», «Достық» сынды қазақша атауы бар. Ашық түстер - түрлену мен жаңаруды көрсетеді», - дейді суретші. Бір туынға бір айдан астам уақытын сарп етеді.
Табиғат Құжанбаев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:
- Иван деген сол мына біздің елді зерттеп біздің мәдениетімізді, қазақ мәдениетіміді зерттеп ол үңіліп соған соны істеп жатқаның көріп тұрмын. Мынау оюлары, қазақтың оюларын ақырын, ақырын ішіне өрнектерді кіргізіп жатыр. Бірақ ол енді ол зерттеу керек ол оюларды. Ол менен сұрап тұрады мынау қалай, мына ою қандай мағына береді, болама болмай ма, деген сияқты.
Сондай-ақ, суретші қазақ мәдениетін терең тану үшін көптеген әдебиеттерді ақтарған. Қазір қой сүйегінің ерекшеліктерін зерттеуге кірісті. Оларды өз жұмысымда қолданамын дейді. Әрі Қазақстанда жеке сурет көрмесін өткізгісі келетінін жасырмады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Камшат Атабаева, Серік Қоңырбаев