Насыбайға қарсы рейд. 500-ден астам сауда орынына тінту жасалды
Бір ғана астананың өзінде жыл басынан бері насыбай тұтынған және сатқан 350 тұрғынға айыппұл салынды.
Статистика әлі өсуі мүмкін. Себебі еліміздің әр аймағында зиянды өнімнің заңсыз саудасын анықтау жұмыстары қыза түсті. Оған ел президентінің Құрылтайдағы сөзі түрткі болды. Аталған мәселе бүгін «Атамекен» ұлттық палатасында бизнес өкілдерімен бірге талқыланды.
Арнайы рейд кезінде мамандар қаланың бес аумағындағы 500-ден аса ірілі-ұсақты сауда орынын тінтіп шықты. Мақсат - қалай да денсаулыққа зиян өнімнің саудасын кесіп, таралуына жол бермеу. Бұл ретте учаскелік полицейлер әкімдік өкілдерімен бірге ойын-сауық орталықтары мен базарларға да тексеріс жүргізеді.
Қанат Нысантаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары
- Шегілмейтін темекі өнімдерінің заңсыз саудасы бойынша 145 дерек тіркелді. Бір ғана насыбай жасайтын жерасты цехынан 2 тонна зиянды өнім тәркіленді, оның жалпы құны 10 млн теңге болады.
Бұған бизнес-қауымдастық өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Олар заң бұзған кәсіпкерлерді бірден жауапқа тартпай, алдымен ескерту шарасын қолдануды сұрап отыр. Сондай-ақ тек жекелеген дүкен иелерін ғана емес, зиянды өнімді ірі көлемде сатқан көтерме сауда иелерін де анықтау керек дейді.
Әмина Әбденова, «Бизнесті заңмен қорғау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Білмейтін кәсіпкерлер бар. Меннің ойымша, оларға алдын ала ескертпей, штраф салу дұрыс емес. Содан кейін оны дүкендерін бастамау керек. Оны оптовый базарлар, оптовый точкалардан, рейд сол жақтан болуы керек. Сонда магазиндердің алатын жері болмайды. Насыбайдың сатылуын қолдап тұрған жоқпын.
Ал бұдан соң насыбайдың саудасы қара базарларда қызбайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан жалғыз амал - заңды қатаңдату. Бұл жұмыстар елімізде басталып та кетті. Егер заң жобасы мақұлданса, кәсіп иелері әрекеті үшін әкімшілік емес, қылмыстық жаза арқалауы мүмкін.
Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров