Насыбай саудасының жолын кесу

18 наурыздан бастап елордада насыбай саудасының жолын кесу үшін жауапты органдар бірлесіп, арнайы рейдтік шараларды ұйымдастырып келеді.

Зиянды әрекеттің алдын алу үшін тексеру жұмыстары күн сайын өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Байқоңыр ауданындағы рейд шағын дүкеннен басталды. Полиция қызметкерлері бұл жерден ешқандай заң бұзушылық анықтамады. Дүкен иесі бұған дейін де насыбай сатпағанын айтты.

Жұлдыз Қизатова, дүкеннің иесі:

Кенесары көшесі бойындағы дүкенге ескерту жасалған, насыбай сатпау жөнінде. Бізде сатылмаған, болмаған да. Менен сұрап келетіндер жоқ. Өйткені менде сатылмайтының біледі. Менде жоқ ондай.

Десе де тәртіп сақшылары дүкен иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Насыбайдың денсаулыққа зияны туралы айтып, мұндайда жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Зиянды әрекеттің алдын алу үшін полиция қызметкерлерінен бөлек қоғам белсенділері де атсалысып жатыр. Жергілікті пәтер иелері кооперативі өкілдерінің айтуынша, күнделікті тексерудің нәтижесінде сатушы да, тұтынушы да азайған.

Мәди Дәуітқанов, жеке пәтер иелері кооперативінің басшысы:

- Мен өзім насыбай атып, темекі шеккен адам емеспін. Мұндайды ұнатпаймын. Қазір дүкендерде насыбай сату тоқтады десекк те болады. Мұндай жұмыстарды жиі жүргізу керек. Себебі, қазір жастар арасында насыбайға тәуелділік артып барады. Біз саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.

Тыйым салынған өнімді сатқандар жауапкершіліктен құтылмайды. Олар 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 92 мың 300 теңге айыппұл арқалайды.

Бахтияр Байқанов, учаскелік полиция инспекторы:

- Насыбайды негізінен жастар алады. Қазір алдын алу шараларының нәтижесінде тыйым салынған өнімді сату азайды. Бүгінгі рейдте біз сатушылар мен дүкен иелеріне насыбайды сатуға, оны сақтауға болмайтының ескерттік. Сондай-ақ оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 196-шы бабы бойынша қандай жауапкершілік көзделгені жайында айттық.

Насыбайды пайдалану сан түрлі ауруға душар етеді. Түптеп келгенде атқарылып жатқан жұмыстар жастарды жаманнан жерітіп, жақсыға үйрету дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Әлішер Әли, Диас Қовланбаев, Ислам Махамбет