Атырау облысына әуеден барлау жасалды

Атырау облысының су басу қаупі бар аумақтарына аэровизуалды тексеру жүргізілді.

Қызылқоға ауданындағы Ойыл, Сағыз және Ноғайты өзендерінде су деңгейі тәулік сайын көтеріліп, 51 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Тасқынға қарсы іс-шараға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір Сағыз-Миялы-Қарабау тас жолында қосымша су бөгеттері салынуда. Бүгінде ауданда 350-дей адам мен 10 техника тасқыннан қорғану жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ тікұшақ арқылы өзендер бастау алатын Ақтөбе облысының аумағына әуеден шолу жасалды. 

Руслан Шариев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазгидрометтің болжамына сәйкес, экстремалды қауіпті аймақта орналысып отырмыз. Біріншіден, Ойыл, Сағыз, Ноғайты, одан бөлек Жем өзені бар. Бүгін 3 техника мен 20 қызметкеріміз бар бірінші эшелонымызды Қызылқоғаға жіберуді жоспарлап отырмыз.