Әскерге шақырудың жаңа әдісі
Әскерге шақыру науқанын цифрлындару. Енді Отан алдындағы борышын өтеуге аттанар алдында үміткерлердің жарамдылығы автоматтандырылған жүйе арқылы анықталады.
Бұл мемлекеттік мекемелермен интеграцияланған электронды ақпараттық база. Бұнда дәрігер алдына келген жастардың әрқайсысының медициналық картасы мен өзге мәліметтері жазылған.
Қазір бұл жоба Астанада пилоттық режимде іске қосылған.
Әскери комиссариат ұзақ жылдар бойы қағазбастылықтан арыла алмай, жаңа технологиялар қосылмай келе жатқан мекеме еді. Әскерге шақыру науқанында дәрігерлер барлық ақпаратты қолмен жазып, толтыратын. Бұл әрине ұзақ уақытты талап етеді. Енді елордадағы қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде электронды платформа бар жаңа компьютерлер орнатылды. Бұл жүйе денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасымен интеграцияланған. Яғни, мерзімді шақыруға үміткерлерді таңдау ісі жеңілдей түсті.
Гүлнәр Бүтінбаева, Алматы ауданы бойынша медициналық комиссияның төрағасы:
- Егер біз диспансерлік есепті ашып қарайтын болсақ, онда науқас Шымкентте туа біткен жүрек ауруы диагнозымен тіркелгенін көре аламыз. Яғни, бізге оның амбулаторлық картасын іздеп, науқаспен сауалнама жүргізудің қажеті жоқ. Уақыт жоғалтпаймыз. Барлығын осы базадан көре аламыз.
Бұл жүйе әскерге шақырылушылар жайлы өзге де деректерді алуға мүмкіндік береді. Яғни, жұмыс орны, білімі, сотталмағандығы мен туысқандары жайлы толық ақпарат жазылған.
Гүлнәр Бүтінбаева, Алматы ауданы бойынша медициналық комиссияның төрағасы:
- Біз осы жерден бала әскерге жарамды ма, жоқ па бірден көре аламыз. Қосымша ақпараттар, сараптамалар алудың қажеті жоқ. Бұрын амбулаторлық тексеріске 3, ал стационарлыққа 10 күндей жоғалтатынбыз.
Бұл платформаны құруға көп уақыт кетпеген. Жүйе бұрыннан бар. Тек ол ауруханалар мен емханаларда да ғана жұмыс істеген. Енді жүйенің көкжиегі кеңейіп, әскери комиссариаттарға да орнатылған.
Еркебұлан Жәнібекұлы, IT компанияның директоры:
- Бұл жобаны енді ары қарай Қорғаныс министрлігінің жүйелерімен интеграциялау қажет. Қазір ведомство тарапынан алдын ала келісім бар. Яғни, әскерге шақырылушылардың медициналық тексерістерінің қорытындыларын электронды форматқа көшіру. Егер дәрігерлердің қарауы кезінде денсаулығына байланысты уақытша кейінге қалдырылса, онда бұл ақпарат сол бала мекен жайы бойынша тіркелген емхананың базасында бірден көрсетіледі. Кейін өзінің учаскелік дәрігері оны көріп, ем-дом шараларын тағайындайды.
Жобада қауіпсіздік шаралары барынша қарастырылғанын айта кету керек. Жүйе толыққанды қорғалған. Азаматтардың дербес ақпараттары бөгде бірлеулердың қолына өтіп кетпейді. Бастысы, бұл жаңашылдық жемқорлықты да төмендетеді дейді жоба авторлары.
Риат Шони, «24.KZ»