Түркістан облысына қарасты ауылдарда мамандар тапшы
Түркістан облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға сұраныс артты.
Биыл медицина қызметкерлеріне 75 тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Ауылдық жерлерде мұғалім, ветеринар мен мәдениет саласының мамандары тапшы.
Самат Жүнісов диплом алғаннан кейін ауылға дәрігер - терапевт болып оралды. 5 жылдан бері Қазығұрт аудандық орталық ауруханада еңбек етеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болып, бір реттік жәрдемақы да алды. Қазір жас мамандарға жол сілтеп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.
Самат Жүнісов, дәрігер:
- 7 жыл оқыдым, 2 жыл интернатурада оқыдым. Одан кейін осы Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында дәрігер-терепевт болып жұмыс атқара бастадым. Мен әлі де жалғастырып өзімді дамытқым келеді.
Дәрігердің айтуынша: «алғашқы жылдары емдеудің заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік болмаған. Маман тапшылығымен қоса, медициналық жабдықтар да жетіспеді»,-дейді. Аурухана күрделі жөндеуден өткен соң қажетті құрылғылармен толығып, жұмыс жеңілдей түскен.
Самат Жүнісов, дәрігер:
- Бізге жаңадан КТ аппараттар, томаграфия аппараттары, УЗИ аппараттары келген. Қабылдау бөлімінде триаж бөлімі жасалды. Басында терепевт көп мамандардың қызметін атқарды. Яғни кардиолог, инфекционист, педиатр мамандығын да атқарды. Бізде педиатр маманы тапшы болды.
Қазығұрт ауданына 107 мыңнан аса халық қоныстанған. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанға 14 дәрігерлік амбулатория мен 1 орталық ауруханада қызмет көрсетіледі. Алайда шалғай елді мекендерде әлі де кадр тапшылығы байқалады.
Ержан Байтүгелов, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Емдеу мекемелеріне жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сосын хирургия бөліміне балалар хирургы қажет болып тұр. Бірінші келген маманға осы ауылдан бастаған дұрыс дер едім. Себебі бұл ауылда көп мүмкіндік бар. Барлығы әр дәрігердің өзіне байланысты. Жақсы оқып, жақсы мамандық иесі атанып келгеннен кейін бұл жерде жұмыс істеу қиын емес.
Биыл Түркістан облысында дипломмен ауылға бағдарламасымен 75 жас маманды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Былтыр 27 дәрігер еңбек жолын ауылдағы емдеу мекемесінен бастады. Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңгедей әлеуметтік көмек беріліп, баспана алуға алқашқы жарна төленді. Сапалы әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін материалдық-техникалық базаны жаңғырту маңызды. Биыл бұл бағытта бюджеттен 8 миллиардқа жуық қаражат қаралып отыр.
Салтанат Жабағиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылғы жоспарымызда тағы да 3 аудандық деңгейдегі аурухананы компьютерлік томографпен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Ангиограф аппараты облыстық балалар ауруханасынан басқа тағы да 6 медицина мекемесінде орнатылып отыр. Негізгі материалдық-техникалық жабдықтауды біз медицинадағы басым бағыттарда жоспарлап отырмыз.
Биыл Самат Жүнісовтің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу мерзімі аяқталады. Бірақ білікті дәрігер тағы біраз жыл ауылда қалуға шешім қабылдап отыр. Оның үстіне отбасылы болып, әйелі де мектеп мұғалім болып жұмысқа орналасты.