«Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» тасжолында көлік қозғалысы тоқтатылды

Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» тасжолында көлік қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды 24KZ.

Оған себеп жолдың 35-ші шақырымын су шайып кеткен. Қырдан келген қарғын су былтыр ғана салынған, әлі құрылысы аяқталмаған жолдың астыңғы жабыны мен су өткізу трубасын ағызып алып кеткен. Қазір Теректі ауданының орталығымен, Бөрлі ауданымен көлік қатынасы үзілді. Жолаушылар әзірше тек теміржол арқылы ғана қатынай алады. Оқиға орнында бүгін мердігер компанияның 14 ауыр техникасы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр. «Тезірек жолды ашуға тырысамыз», – дейді «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы. 

Дамир Тілеубаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары:

- Құбырдың іргелері нығайтылып біткен жоқ. Қазір қыс мезгіліне ол жол уақытша ашылған болатын, жүргізушілерге, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін. Осы факт орын алғаннан бастап құрылыс жұмыстарын мердігер атқарып жатыр, қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын. 14 бірлік ауыр техникасымен 20 адам жұмылдырылған. Уақытын нақтылап айтар болсақ, бүгінгі күнге кешке дейін жүріс беруге тырысамыз.