Астанада қайырымдылық керуені акциясы ұйымдастырылды
Елде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Астанадағы Дін істері жөніндегі басқарма өкілдері мен қала тұрғындары кезекті рет қайырымдылық керуені акциясын ұйымдастырды. Бұл жолы батыстағы ағайынға жылу жинап берді. Онда ұзақ сақталатын азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін бар. Басқа түскен қиындық баршамызға ортақ, – дейді қайырымды жандар.
Ерболат Жүсіпов, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы:
- Біз кеше Қостанай өңіріне, нақтырақ айтқанда, Арқалық өңіріне үлкен машиналарымызды жібердік. Қостанай өңіріне машина жібергеннен кейін халықтан, жамағаттан ұсыныс түсті Ақтөбе өңіріне жіберейік деп. Дер кезінде 2 машина табыла қалды. Бүгін шығып кету керек. Жоспарымыз – кешке дейін машина жолға шығып, керек-жарақты халыққа жеткізу.
Мәдина Сәпиева, қала тұрғыны:
- Үйде отыра алмай, естіп отырғаннан кейін келіп, қолымыздан келгенше тиын-тебен, заттарымызды беріп жатырмыз. Лек-легімен келіп жатқан жастар, жұдырықтай қыз балалар, студенттер келгенде жылап жібердім. Апа мына тамағымызды өткізейік деп едік, стипендиямыздан алып келдік дегенде.