Ақтөбеге гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр
Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қарғын судың салдарынан үйі мен малынан айырылған жандарға қол ұшын созып жатқандар аз емес. Өңірдегі қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер және түрлі ұйымдардан бөлек, елдің түкпір-түкпірінен де белсенді азаматтардың көмегімен жүк жеткізу жолға қойылған. Мәселен, дәл бүгін Түркістан, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласынан азық-түлік, киім-кешек, етіктер мен қайықтар және су соруға қажетті құрал-саймандар келіп жетті.
Ләззат Оразбаева, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:
- Әрбір ауданнан күнделікті өтінім алу арқылы жіберіліп отыр орталықтандырылып. Екіншіден, бұл жерде қазір жастар жұмыс істеп жатыр. Сол сияқты, мінекей, 3 күн болды «Қамқор-Ақтөбе» деген қор ашылды. Комиссияның есебі бойынша ол мемлекеттен көмек көрсетілетін болса, тағы да қосымша осы қор арқылы отбасыларына көмек көрсетілетін болады.