Маңғыстау облысында 100 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады
Уәкілетті мекеме қызметкерлері талдау жүргізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерусіз жатқанына көз жеткізген, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жерлер Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия және Маңғыстау аудандарына тиесілі. Оларды шаруа қожалықтары егін егуге немесе жайылым ретінде пайдалану үшін 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға алған. Соңғы жылдары жүргізілген тексерістердің нәтижесінде көптеген жер учаскелерінің бос жатқаны, тіптен кейбірі заңсыз берілгені анықталды. Көп жағдайда фермерлер жауапты мамандардың ескертуін елей бермейді. Енді оларға қатысты жинақталған деректер сотқа жіберіледі.
Марат Ергешбаев, облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:
- Былтырғы жұмыс барысында департаментпен 43 жер пайдаланушыға, жалпы алаңы 216 мың гектар көлеміндегі жерді пайдаланушыға ескерту берілді. Сол уақытта тексеру барысында жер учаскелерін пайдаланбаған. Өзінің нысаналы мақсатына сәйкес. Нұсқама, ескертуіміз бір жыл уақыт алады. Орындалмаған болса, осы жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде сотқа талап арыз беріледі.