11 өңірде 19 мың адам эвакуацияланды
Су тасқыны басталғалы 11 өңірде 19 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, оның 8 мыңнан астамы бала.
Бүгінде құтқару жұмыстарына бас-аяғы 9 мыңнан астам маман жұмылдырылып, 2 мыңнан астам техника тартылды. Барлық салалық мемлекеттік органдар мен қызметтер, әкімдіктер, тәулік бойы жұмысты жалғастыруда. Бұл жайында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің телеграм парақшасында жазды. Жағдайдың ушығуына жол бермей, тасқын салдарын жоюға барлық назар аударылып отыр. Қазіргі ахуал мен қабылданып жатқан шаралар жайында тұрғындарға ақпарат беру үшін республикалық ақпараттық штаб құрылды. Ондағы тәулік бойғы жұмыс ел Үкіметінің жедел штабымен тығыз байланысып, Президент Әкімшілігі үйлестіріп отыр. Ерлан Қарин осы күндері қоғам белсенділері мен еріктілер де зор көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Бүкіл ел бойынша 20 мыңнан астам волонтер тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созуда. Гуманитарлық көмек бойынша 31 пункт ұйымдастырылып, 430 тонна азық-түлік, 150 тонна өзге де қажетті заттар, 3 тонна дәрі-дәрмек жиналды. Мемлекеттік кеңесші азаматтардың жауапкершілігі мен ел болып күш біріктірудің арқасында төтенше жағдайларға төтеп бере алатынымызға сенім білдірді.