БҚО-да 375 отбасыға біржолғы көмек көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен жанұяларға 184 мың 600 теңге, яғни 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.

Күні бүгін 375 отбасының есепшотына 69 миллион теңге түсті. Атаулы әлеуметтік көмек 17 отбасыға тағайындалды. Одан бөлек арнайы комиссиялар жұмысын бастады. Олар тұрғындардан үй-жай, қора-қопсы, дүние-мүлік пен төрт түлікке келген шығынды өтеу жөнінде өтінім қабылдап жатыр. Қажетті қаржы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған облыс әкімдігінің резервінен жұмсалмақ.

Райгүл Базарбаева, Орал қаласының тұрғыны:

- Бір күнде су басып, үйдің іші толған су қазір. Үйдің жағдайы өте нашар, тұруға да келмейді. 3 баламен әкімшілік қарауына алды. Әкімшілік қонақ үйге орналастырды. Қазір сондамыз уақытша. Қазір комиссия жүріп жатыр. Документ әкеліп тапсырып жатырмыз.

Ділдәш Ысқақова, Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Тізімдерін күн сайын жинақтап отырмыз қанша отбасы зардап шеккенін. Күн сайын қосылып жатыр. Анықталып жатыр. Кешегі 1171 отбасы. Соның қазір 375 отбасына аударылды. Себебі айтқандай өтініштерін алып, акт жасалады ғой әр отбасына. Бұл материалдық көмек, күнделікті қажетіне  берілетін көмек қой. Бұл үйінің құнын, зардап шеккен заттарына қарамайды. Тек қана әлеуметтік төлем.