Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы төлем беріледі
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар да біржолғы төлем ала алады.
Бұл үшін төтенше жағдайлар қызметінен анықтама алып, жұмыспен қамту орталықтарына өтініш қалдыру қажет. Ал берілетін қаражат көлемі өңір орталығы мен Әйтеке би ауданында тұратындар үшін 300 мың теңге, басқа аудан азаматтары үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Қолдау түрі бұған дейін мәслихаттарда қаралып, бекітілген. Мамандардың айтуынша, біржолғы төлемді су тасқынынан келген шығынға қарастырылған өтемақымен шатастыруға болмайды.
Гүлназ Сисенова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Бұл қаражатты алу үшін топан суға тап болған отбасылар, штабтың комиссиясы барып үйлердің жағдайын қарап, өздерінің қортындыларын шығарып, содан кейін сол қортынды негізінде жергілікті төтенше жағдайлар басқармасынан анықтамасын алып жұмыспен қамту орталықтарына барып өздерінің өтініштерін қалдыруға құқылы. Құжаттарды 8 күн ішінде қарап, 3 күн ішінде төлемін төлеп беретін болады.