Құлсарыда 2200-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

Тағы 400-ге жуық тұрғын Атырауға эвакуацияланды.

Тұрғындарды тасымалдау үшін жолаушылар пойызы тартылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Құлсарыда алдын ала есеп бойынша 2500 жеке тұрғын үй су астында қалды. Қазір Жем өзенінің су өткізу көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Динара Нұрғалиева, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Құлсарыдағы авариялық-құтқару жұмыстарына 745 адам және 280 техника жұмылдырылды. 4 мыңнан астам ерікті мен жергілікті тұрғын тартылды. Атырау қаласынан Құлсарыға қосымша күштер мен құралдар жіберілді. өңірдегі жағдай су тасқыны салдарын жою бойынша республикалық штабтың бақылауында.

Зардап шеккендердің шығыны өтеледі

Ал облыс әкімі Серік Шәпкенов, бірнеше күннен бері тасқынның алдын алу жұмыстарына атсалысқан жандарға алғыс білдірді. Жағдай тұрақталған соң арнайы комиссия құрылады. Олар келтірілген залалды есептеп, материалдық шығындарды төлеумен айналысады деді. Атырау облысында су тасқыны бойынша жағдай күрделі. Өңірде 5 өзен бар. Үшеуі Ақтөбе өңірінен, екеуі Ресейден бастау алады.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Қазіргі таңда Ақтөбе облысынан бастау алатын екі өзен бойынша қауіп сейілді. Бұл Сағыз және Ойыл өзендері. Жем өзені арнасынан шығып, Құлсары қаласын қоршауға алып. Нәтижесінде 100-ге жуық тұрғын үй су абсты. Осы зардап шеккен тұрғындардың барлығына зардаптары өтелетін болады.

Тасқынға тосқын

Айта кетейік, 5 күннен бері аймақтағы 20 құрылыс компаниясы мен 6 ірі мұнай компаниялары жағаларды бекітуге, қорғау дамбаларын салуға жұмылдырылды. Қажетті материалдардың резерві дайындалып, инертті заттар жинақталды. Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілген су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға облыстың Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді. Индер ауданы бойынша жаға бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Қазір ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 км бөгет салынды. Жайық өзенінің құяр сағасындағы Атырау қаласында барлығы 12 аумақта жаға бекіту жұмыстарын 172 техника жүзеге асыруда. Қазір жаға бекіту бойынша 2 метр биіктікте жалпы ұзындығы 7 км бөгеттер салынды. Аталған жұмыстарға жалпы саны 5 мыңнан астам адам тартылған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Өйткені бүгін Орынбордағы Ирикла су қоймасы рекордты су көлемін тағы да жіберді. Бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев хабарлады.