Жайықтың деңгейі қауіпті межеден асуы мүмкін
Жем өзенінің Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі бойында су деңгейі соңғы тәулікте 6 сантиметрге төмендеді.
Дегенмен алдағы күндері Жайықтың деңгейі қауіпті межеден асуы мүмкін. Қанат Бозымбаев, облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік ведомстволармен бірлесіп екі күн ішінде Жайық өзеніне қатысты болжамды ұсынуды тапсырды. Қазір қорғаныш бөгетін тұрғызып, Атырауды айналып өтетін арналар салу жөнінде нақты жоспар әзірленіп жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі 15-20 күн ішінде айтарлықтай көтерілуі мүмкін. Сарапшылардың болжамы осындай. Әдетте су Ресей Федерациясы шекарасынан өтіп елге жеткенше 20-25 күнді құрайды. Бірақ, ол судың көлемі мен ауа райына тікелей байланысты.
6 өңірде 4 мыңға жуық жекеменшік үй су астында қалды. Жерлікті жерлердегі 155 автожол учаскесін су шайған. Тағы 88 учаске бақылауға алынды, оның төртеуі көпір. Ал 58 елді мекен көлік қатынасынан ажырап отыр. Оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Республикалық ақпараттық штабтың брифингінде баяндады. Ол су тасқынына қатысты елдегі ахуал күрделі екенін атап өтті. Аймақтардағы құтқару шараларына 17 мыңннан астам адам тартылған. 1900-ден астам арнайы техника мен 500 дана су сору, жүзу құралдары бар.