Павлодарда жол жөндеу жұмыстары басталды

Тамшы тас жарады. Көктем сайын ағылған су асфальттың да соры.

Павлодарлық жол жөндеу мекемелері қазір осы жолмен де алысып, ойықтарды бітеп жатыр.

БЛИЦ:

– Жолдың сиқын Құдай көрсетпесін. Дәл биылғыдай тозғанын бұрын-соңды көрмеппін.

– Көрдің бе, қандай кейіпте екенін? Шұңқыры шұрық-тесік болды болды.

Болат Бекбаев жолаушы тасымалымен айналысады. Қалада көлік нөпірі көп. Қыстан кейін міндетті түрде жөндеу керек деп есептейді. Бұған ауа райының да әсері барын айтады.

Болат Бекбаев, қала тұрғыны:

- Енді көктемде ылғи бұзылады ғой. Көктемде жарылады. Содан кейін анау суы бар, несі бар содан кейін әлгі битум құяды ғой, ол жарылып қалады. Ептеп істеп жатыр. Оған ренжуге болмайды, күні-түні істеп жатыр.

Александр Мелихов, сатушы:

- Көліктің жиі сынатынын жүргізушілер жол сапасымен байланыстырады. Мәселе бәріне ортақ. Сұрайтындары сол стабилизатор, втулка. Қалай қар кетеді, солай көлік жөндеуге кіріседі.

Жол қызметі қазір қала көшелеріндегі шұңқырларды бітеп жатыр. Кең ауқымды құрылыстар енді басталады. Бірден 14 магистраль мен 9 жекеменшік сектордағы көшелерге жаңа асфальт төселеді.

Оразбек Саяхат, Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы:

- Мына асфальт-бетон зауыттары наурыз айында іске қосылып, ыстық асфальтпен шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 14 учаскеде яғни мына Назарбаев даңғылында, Қайырбаев көшесінде, Кривенко көшелерінде және Толстой көшелерінің едәуір бөлігінде осы шұңқырларды жөндеу жұмыстары аяқталды.

Көптен күткен жолдарды жекеменшік сектордың тұрғындары да асыға күтіп жүр. Былтыр онда орталықтандырылған кәріз желілері тартылған еді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сол көшелерге биыл асфальт төсеуді жоспарлап отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев 24.KZ, Павлодар