Z ұрпақ. Жастарды не толғандырады?

ЮНЕСКО 2030 жылы әлемде 1,3 млрд жас өмір сүретінін болжайды. Оның 90 пайызы дамушы елдердің өкілі.

Иә, мамандар жастардың елдің дамуына да, кері кетуіне де ықпал етуі мүмкін екенін айтады.

Сол себепті жастармен жұмыс істеудің ортақ стандартын түзу маңызды. Бұл мәселе біздің елде қалай көрініс табады?

"Қазақстан жастары" әлеуметтік зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, ел жастарын әлеуметтік-экономикалық ахуал алаңдатады.

Жастармен жұмыс істеудің стандарты қажет

Жаңа буынның мүдделері мен дағдылары қазіргі еңбек нарығының негізгі трендтеріне айтарлықтай әсер етеді.

Brif research group зерттеуіне сүйенсек, жастар қарым-қатынастың дәстүрлі әдістерінен біртіндеп алшақтап, әлеуметтік желілерде өздерін көрсету арқылы, шығармашылық бағыттағы мамандықтарды жиі таңдап жүр.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары еңбек нарығында үш негізгі категория барын айтады. Аға буын, белсенді жұмыс күші және жаңа жұмыс күші.

Соңғысына 1997 жылдан 2012 жылға дейін туған адамдар, яғни Z буыны кіреді. Оларда онлайн оқытуға деген ұмтылыс көп және икемді жеке кесте бойынша жұмысымен ерекшеленеді. Платформалық жұмыспен қамту, қашықтан еңбек ету және фрилансты енгізген де осылар.

Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар мұндай ахуалдың тәуекелі де барын айтады. Жастардың бір бөлігінің өнімді еңбекке тартылмауы – олардың сатып алу қабілетін төмендетеді, бюджетке салық түспегенімен, әлеуметтік міндеттеме түріндегі салмақ көбейе түседі. Сол себепті сарапшы жастармен жұмыс істеудің стандарттарын әзірлеуді ұсынады.

Бақытгүл Хамбар, Экономикалық зерттеулер институтының тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры:

- Бұл стандарттар жастармен жұмыс сапасын арттырудың маңызды құралы болады. Сол арқылы жас қызметкерлердің кәсіби мәртебесін тани аламыз. Қоғам алдында жастармен жұмыстың маңыздылығын арттырамыз.

Ұлттық баяндама әзірленеді

Жас буын азаматтық істерде белсенділік танытып жүр. "Қазақстан жастары 2024" ұлттық баяндамасын әзірлеушілер волонтерлік қозғалыс 1,5 есе артқанын айтады.

Сарапшылар 3 әлеуметтік тақырыпта зерттеу жұмыстарын жалғастыра бермек. Әсіресе құндылықтарға басымдық беріледі. Құжат күзге таман дайын болады.

Осы ретте айта кетейін, су тасқынымен күресіп жатқан аймақтарда 25 мың волонтер жүр. Олар гуманитарлық көмекті жинауға, бөгеттерді төсеуге және азаматтарды қауіпсіз жерге көшіруге жәрдемдесіп жатыр.

Осындай волонтерлердің қатарынан көрінгіңіз келсе, ұлттық желіге хабарласу керек. 8 708 706 42 42 нөміріне немесе өңірлік кол орталықтарға қоңырау шалыңыз.

Айсұлу Ерниязова, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, білім беру сапасы, баспана және еңбекпен қамту – жастарды толғандыратын басты мәселе. Бұл жерде өңір, жас аралығы деп те бөлуге болмайды. Сауалнамаға қатысқандардың бәрі осыны айтты. Нашақорлық және лудомания мәселесі де өзекті. Жастардың ойынша, мұның бәрін шешу үшін кешенді жұмыс керек.

Экономикадағы жастардың үлесі қандай?

Нарық пен экономиканы әзірлеу тетіктері адами капиталға негізделуі керек. Себебі "Х" немесе "Ү" орта және аға буынға қолайлы болған экономикалық жүйе "Z" және "альфа" жастар мен жасөспірімдерге сәйкес келмейді. Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова осындай пікірде.

Сарапшы әлсіз экономикалық ортада демографиялық тұрғыдан балалар мен жастар үлесінің көп болуы әлеуметтік шиеленісті күшейте түсуі мүмкін. Қоғамдағы бұл үдеріс адами капитал сапасының төмендегенін білдіреді. Оны демографиялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңірлерден айқын байқауға болады.

Не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтындарды НИТ қатарындағы жастар тобы дейді. Олардың үлесі қандай қазір?

Елдегі НИТ жастардың үлесі 7 пайыздан асқан. Бұл көрсеткішке жастардың жасын 35-ке дейін ұзарту да ықпал етті. Қазіргі таңда 380 мың жас еш жерде жұмыс істемейді, білім де алып жатқан жоқ. Бірақ мемлекетте олардың әрқайсысына көңіл бөлінеді. Мысалы жақында "Жас проект" сынды гранттық жобалар бастау алды. Бұл олардың өз кәсібін бастап, қатарға қосылуына мүмкіндік беретін шаралардың бірі.

Мерей Мұратханқызы, 24.KZ