Астанадан 550 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Қазақстанның 3 облысында төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін 29 наурыздан бастап Астанада гуманитарлық көмек жинау бойынша пунктер ашылды.

Еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары бірлесіп, жылу жинауға кірісті. Гуманитарлық көмектің алғашқы легі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жеткізілді. Қазір пунтктердегі қызу жұмыс жалғасып жатыр. Біздің түсірілім тобымыз елордадағы орталықтардың біріне барды.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Астанада гуманитарлық көмек жинайтын 9 пункт жұмыс істеп тұр. Біз қазір солардың біріндеміз. Жалпы Астанадан зардап шеккен өңірлерге 550 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл – кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдардың, қауымдастықтардың, еріктілердің, сондай-ақ біздің азаматтарымыздың арқасында жиналған заттар. Өңірлерге азық-түлік, жылытқыштар, қайықтар, генераторлар, күректер, 400 мың қап, балалар заттары, гигиена құралдары, төсек-орын жабдықтары жөнелтілді. Көмек жүк көліктері және авиакомпаниялар арқылы жеткізіледі.

Волонтерлер өңірлік штабтармен бірге су айдау, азық-түлік жеткізу жұмыстарына тікелей қатысады. Су басу қаупі бар аудандарда белсенді қызмет көрсетіп жүр. Олар қаптарды құммен толтырады, заттарды қабылдайды және орайды. Сайып келгенде, үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр және бұл – орталық жұмыла кіріскен істің бір ғана бөлігі. Осындай жұмыстарға бас-аяғы 30 волонтерлік ұйым жұмылдырылды. Онда 600-ден астам адам буып-түюмен айналысады. Бұдан бөлек те алда үлкен қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр, сондықтан мамандар: «барлық мемлекеттік органдар мен еріктілерге күш біріктіру қажет», – дейді.