Сәтбаев салған сара жол
Сәтбаев Университетінің инженерлік орталығы екі бірдей зертханамен толықты.
Оқу орнында химиялық-аналитикалық зерттеулер және геомеханика мен геотехника зертханасы ашылды. Мұнда өндіріс пен ғылымды ұштастыруға бағытталған жобалар жасалады. Бүгін университет үш бірдей айтулы күнді атап өтті. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын, оқу орнының 90 жылдығын және Ғылым күнін бірге тойлады. Ғылым мен технология интеграциясына арналаған конференция өтті.
Мерекелік іс шаралар Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Биыл қазақтан шыққан тұңғыш академик, тұңғыш кәсіби тау-кен инженері Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы мемлекет деңгейінде атап өтіледі. Ал өзінің есімі берілген университеттен талай геологтар, инженерлер түлеп ұшты. Қазақ ұлттық техникалық зерттеулер институты бүгінде ғылым ордасына айналған. Қазірдің өзінде геология, металлургия, машина жасау саласы бойынша 104 ғылыми жоба жүзеге асып жатыр.
Ержан Көлдеев, геология және минералогия ғылымдарының кандидаты:
- 12-18 миллиардқа 12 үлкен мегагранттар жасалып жатыр. Оның біріншісі, мемлекет басшысы тапсырыс берген бізге, технопарк құру, инженерлік орталық құру. Бізге программа берілген. 40 миллиард бөлініп отыр. Осы жұмыстар ішінде нысаналы жобалар бар. Технопарк құру үшін 4 миллиард, инженер орталық құру үшін 4 миллиард бөлініп отыр.
Яғни, ол жерде білім, ғылым, өндіріс, жергілікті атқарушы орган бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. «Бүгінде қазақ даласындағы пайдалы қазбаларды ашуға түрен салған ғалымның арманы орындалып жатыр», -дейді Сәтбаевпен бірнеше рет кездескен ғалым Сұлтанбек Қожахметов.
Сұлтанбек Қожахметов, техника ғылымдарының докторы:
- Қазіргі мына Балқаш заводы, дүниежүзіне белгілі. Ал енді өзінің төл өндірісі деп айтайық. Жезқазған заводы, сол уақытта геологтарымыз тапқан Босшыкөл, Ақтоғай деген кен орындарында екі-екіден фабрикалар салынды. Осы жұмыстың бәрін қосқанда, ең негізгі Қанекеңнің арманы – кем дегенде жарты миллион тонна мыс беруіміз керек еді. Мінекей, осы завод, фабрика бәрін қоссақ, қазір беріп отырған мысы сол 500 мың тоннадай болып отыр.
Ұлттық кітапхана мен Мемлекеттік архив мерейтойға орай өздерінде сақтаулы тұрған Сәтбаевтың жеке құжаттары, сол кезде газет беттерінде жарияланған мақалаларды ұсынды. Кен орындарын ашумен қоса, Қаныш Имантайұлы өнер мен мәдениетке, әдебиетке жанашыр болған. Оған осы жазбалалары дәлел.
Ертай Біләл, Ұлттық кітапхана қызметкері:
- Біз осы уақытқа дейін Қанышты, геолог ғалым ретінлде танып келдік. Бірақ Қаныш, керемет жазушы, Қаныш керемет әнші. Қаныш керемет актер. Қаныш керемет алгебра оқулығын жазған керемет. Қаныш керемет «Ер Едіге» деген дастанды құрастырған ғалым болды. Сегіз қырлы бір сырлы. 24 жастағы бозбала Қаныш, Семей қаласында жарық көрген «Қазақ тілі» газетінде «Обаған» деген прозалық шығармасы басылады.
Ғылым мен технологияның интеграциясына арналған халықаралық конференция ғалымдар, инженерлер, өндіріс және бизнес өкілдерін біріктірді. Басқосуда энергетика, экология, тау-кен өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, металлургия, геологияға қытысты мәселелер талқыланды. Бұл жиын ғылыми зерттеулерді дамытуды, саланың өзекті мәселелерін бірге шешуді, ғалымдар арасындағы ғылыми диалогты ынталандыруды көздейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев