ТЖ кезіндегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі

Сенат депутаты Ольга Булавкина Палата отырысында әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

«Өңірлерде тұрғындар депутаттармен бірқатар кездесу кезінде мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде сәйкессіздіктің барын айтқан», - деді сенатор. Осыған байланысты ол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдерге жедел әрекет етуді тапсыруды сұрады.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ондаған шақырым құнарлы жер су астында қалды. Тасқын судың ауыл шаруашылығына келтірген залалы әлі бағаланбады. Ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал шаруашылығына ауқымды залал келді. Өсімдік шаруашылығы үшін елеулі зардап елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына, жайылым жерлерінің батпақтануы жем-шөп базасының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл кейіннен мал басына әсер етеді. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тасқын судың өсімдік шаруашылығына зиянды әсерін азайту бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеуге көмектесетін шұғыл шаралар қабылдау қажет.