Арыс тұрғыны өз көшесін абаттандырды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Арыс қаласының тұрғыны өз көшесін абаттандырды, деп хабарлайды 24KZ.
Азамат Байбосынов 12 жарықшам бағандарын орнатып, жұрттың алғысына бөленді. Сонымен қатар 120 түп қарағаш, 3 мың түп бұталы шырша және 200 түп раушан гүл көшетін сатып алып, көршілерімен бірге көше бойына егіп шықты. Көшені таза ұстау үшін жол бойына қоқыс жәшіктерін де орнатқан.
Азамат Шералыұлы, Арыс қаласының тұрғыны:
- Жалпы халық, еліміз, көршіміз үшін ғой. Өзімізге қалтамызға жинай бермей, көшемізге үлес қосқым келді. «Жасыл өлке» акциясы жүріп жатыр. Бәріңізге осындай жәшікті қойыңыздар деп кеңес беремін. Жалпы көшелерге, көшеде қоқыс жәшігі тұрса, жерде қоқыс жатпайды. Жыл сайын өтетін «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» байқауы өтеді. Биыл біз «Үлгілі көшені» ұтып алуға дайынбыз.
Тәжіхан Тұрсынханұлы, зейнеткер:
- Маған келіп, «Көке, көшемізге тал ексек қайтеді, гүл ексек, қайтеді» деген соң, бәріміз бірауыздан қолдап, асарлатайық, егейік деп, көршінің бәрі шықты. Ризашылықпен ектік. Азамат ініме рақмет! Ісі алға баса берсін. Көшеміз көркейіп келе жатыр.