БҚО-да 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Батыс Қазақстан облысында Жайық жағалауындағы 84 елді мекенге қауіп төніп тұр.

Қазір өзендегі су деңгейі тағы 13 сантиметрге көтеріліп, 768 сантиметрге ұлғайған. Оның үстіне өңірде төтенше жағдай жарияланғалы саяжайлардағы 2 мыңға жуық үй су астында қалды.

Мерей Қанапия, тілші:

- Бұл қала маңындағы Нұрлы жол ауылы. Мұнда мүлгіген тыныштық. Себебі адамдар толық эвакуацияланған. Ең өкініштісі 90 үй су астында қалған.

Ілияс Омашов осында 2 жылдан бері тұрады. Еңбектеніп салған үйі су астында қалған. Қазір баспанасын сырттай бақылап, қайықпен қатынауға мәжбүр. 

Ілияс Имашев, қала тұрғыны:

- Орал қаласының ТЖБ және учаскелі полицейлер келіп, хабарлама берді. Жылдамырақ үйлеріңізді босатыңыздар деп. Сол уақыттан бастап ауылымыздың 100 шақты адамы жайлап шыға бастады. Бірақ заттарды алып ешкім үлгерген жоқ.

Батыс Қазақстанға еліміздің түкпір-түкпірінен құтқарушылар мен техникалар тартылып жатыр. Әзірге Ақтөбе, Алматы, Қостанай және Түркістан, Қызылорда облыстарынан 1400-ден астам маман келген. Олар Оралдан бөлек төтенше жағдай жарияланған Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарына жұмылдырылады.         

Нұрқанат Дәулетбақ, құтқарушы:

- Біз Алматы қаласынан 20 адам келдік. Қазір жан-жақта адамдарды құтқарумен айналысып жатыр. Алматыдан ең бірінші Ақтөбе қаласына бардық. Онда 300 адамды эвакуация жасап, одан Орал қаласына деген бұйрық келді.

Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің облысымызға қазір 400-ден техника келеді деп күтілуде. Оның 300-ден астамы келді. Кеше келгендер түнгі сменге шығып, жұмыс істеді. Таңымен келгендерді қазір бөліп, қауіпті аймақтарға қойып, жұмыстар басталып жатыр.

Облыста 13 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оның 6 мыңға жуығы бала. Салдарынан қаладағы барлық мектеп онлайнға көшкен.

Нұржан Төлеуіш, БҚО ТЖД ресми өкілі:

- Тұрғындар судың келгенін күтпеу керек. Қажетті жабдықтарды жинап, құжаттарды алып уақытша туыстарының үйіне немесе эвакуациялық пункттерге барып орналасқан дұрыс.

Қазір облыста 17 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Орналасқандар саны 1700-ден асады. Айта кетейік, авариялық құтқару жұмыстарына еріктілер мен күштік құрылымдарды қосқанда барлығы 6 мыңға жуық адам жұмылдырылған.

Авторлары: Мерей Қанапия, Диас Қобыланбаев