Қазақстанда 800 су маманы қажет

2029 жылға қарай елде 800 су маманы қажет болады, деп хабарлайды 24KZ.

Үкімет 7 жылда 57 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Ал бұл құрылысты жүргізіп, тұрғызылған қоймаларды бабында ұстайтын кадрлар қазірден жетіспейді. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселенің күрмеулі түйінін қалай тарқатпақ?

Жеті жылда 57 су қоймасы салынады. Президент тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейінгі су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірледі. Биыл 5 су қоймасының құрылысы басталады.

Мөлдір Әбдуәлиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:

- Оның 20-сы су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасында да көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 4 су қоймасын, Түркістан және Жамбыл облыстарында 3 су қоймасынан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында екі су қоймасынан, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында және Абай облыстарында бір-бірден су қоймасын салу жоспарланып отыр.

Қазір елде 405 су қоймасы бар. Олардың басым бөлігі коммуналдық мекемелер балансында тұрса, 98-і республикалық меншікте. Ал 38 су қоймасы жекеменшіктің иелігінде. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көрсетілгендей, су нысандарының тозу деңгейі 60%-тен асып отыр.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Су қоймаларының көбісі 70-ші, 80-ші жылдары салынған. Әрине, уақыт өте келе тозады. Бірақ әр су қоймасының өзінің эксплуатациялық мекемесі бар. Тиісінше ол мекемелермен жыл сайын ремонттық жұмыстар жүргізіледі. Су қоймаларын барынша қауіпсіз жағдайда ұстауға барынша күш-жігерін салады.

57 су қоймасын салуға кадр керегі белгілі. Елде білікті маман тапшы. Қазір 9 жоғары оқу орны су мамандарын даярлайды. Жылына «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша 200 адам диплом алады. Алайда олардың тек 22%-і жұмыс табады. Себеп: жалақы төмен және жұмыс берушілердің өзі оқуды жаңа бітірген жас түлекті жұмысқа алуға құлықсыз. Бұл туралы министрліктің Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында айтылған.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Бізде, әрине, мамандар тапшы. Бірақ су қоймаларын салатын, су қоймаларын жобалай алатын мекемелер бар. Қазір Жамбыл гидромелиоративтік институты болған кезінде. Соны қайта құру мәселесі қаралып жатыр. Одан бөлек, Алматы аграрлық университеті, сосын Әл-Фараби, Гумилев университеттерінде су мамандары бүгінгі таңда дайындалып жатыр.

Министрліктің болжамы бойынша 2029 жылға қарай жоғары білікті 800 маман қажет болады. Сондықтан бүгіннен бастап оларды оқытатын профессорлық-оқытушылық құрамды 350 адамға жеткізу керек. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық базаны да нығайтып, зертханаларды да көбейту маңызды. Үкімет енді осы жоспарын жүзеге асырып, маман тапшылығын реттемек.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов.