Су тасқынынан кейін 8 мыңнан аса отбасы өтемақы алды
Су тасқынынан кейін 8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Үкімет бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырып жатыр. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыс тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға өтініш береді. Бүгінгі таңда 16 862 өтініш келіп түскен. Бүгінгі жағдай бойынша 8 мың 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем алды. 2 мыңнан астам отбасыға материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы төленді. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті. Қазіргі таңда зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді. 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 35 отбасыға жаңа баспана және пәтерлер берілді.