Елордада заңсыз қоқыс үйінділері жойылды
Елордада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл басынан бері қалалық Полиция департаменті 11 мыңнан астам құқықбұзушылық фактісін анықтаған. Белгіленбеген орынға тұрмыстық қалдықтарды төккен азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 90 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
Заңсыз қоқыс үйінділері пайда болмау үшін елді мекендерде арнайы мобильді топтар құрылды. Осы уақытқа дейін ел аумағында табиғатты ластаған 138 мыңнан астам құқық бұзушы анықталып, жалпы саны 663 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Бұл – Нәжімеденов көшесіндегі ЛРТ желісінің бойындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің бірі. Мұнда 40-қа жуық техника жұмылдырылған. Құрылыс қалдықтарынан бастап тұрмыстық заттарға дейін үйіліп жатыр. Небәрі екі аптаның ішінде тек Алматы ауданы бойынша 2000 тоннадан астам қалдық шығарылған.
Қайырбек Қасенов, мердігер кәсіпорын өкілі:
- Бүгінге дейін тек осы аумақтан 1000 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Жұмыс әлі де жалғасады. Былтыр біз 40 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар шығардық.
Астана қаласында қоқыс тастаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 20, кәсіпкерлік ұйымдарға 30 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.
Хасан Құрбанов, табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы:
- Ikomek 109 бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төккен азаматтарды анықтап, тиісті шара қолданып жатырмыз. Бейнебақылау камералары, құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйелері мен тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен хат-хабарламар тексеріліп жатыр. 100-ге тарта көлік жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,5 млн теңгеге жуық сомада айыппұл арқалады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Қазіргі уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ерлан Наурызбаев.