Су тасқыны: Аймақтардағы ахуал
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының алғашқы толқыны аяқталды.
Өңірде 3500-ге тарта үй су астында қалды. 14 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп, 764 адам үйіне қайтарылды. Қазір Ақмола облысында Есіл өзенінің суы екінші мәрте көтерілуіне байланысты, алдын-алу жұмыстары жүргізілуде. Қызыл судан зардап шеккен 1717 отбасыға 100 АЕК мөлшерінде өтемақы төленді. 600 тоннаға жуық гуманитарлық көмек берілді. Ал Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 10 күн ішінде 1300-ге жуық адам эвакуацияланды. Шығыста күн күрт жылынып, таулы аймақтардағы қар еріп жатыр.
Нұрболат Өтеев, ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің маманы:
- ШҚО жағдай тұрақты. Орта таулы аймақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Бүгін қар жамылғысының ауданы ШҚО-ның 44 пайызын құрайды. Көптеген аудандарда қар қоры және су мөлшері төмендеуі байқалуда.
Нұрбек Оралбаев, Ақтөбе облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы:
- Ырғыз ауданының ең бірінші келіп тұрған қауіп қатер Торғай өзенінің деңгейінің көтерілуіне байланысты болып отыр. Қазір 798 адам, 25 бірлік техника, 3 жүзу құралы, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Ырғыз ауданында жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді.