Жайықтың бойына қосымша күш жіберіледі
Жайықтағы су деңгейі жоғарғы меже 8,5 метрден сәл асты, деп хабарлайды 24KZ.
Өзеннің жағасындағы бірқатар саяжай мен шағынауданға су кірген. Қазір Орал қаласында тасқынға қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүріп жатыр. Жағалауды нығайту шарасына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ елдің өзге өңірлерінен келген 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны Батыс Қазақстан облысына жіберуді тапсырды. Мамандар: «су тасқынының шарықтау шегі алда», – деп отыр. Өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің бойында 136 шақырымнан асатын бөгет тұрғызылған. Орал қаласының өз басындағы бөгет 45 шақырымға жетті.