Қызылорда облысында Сауысқандық петроглифтерінің маңы тазаланды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Қызылорда облысы аумағындағы Сауысқандық петроглифтерінің маңы тазаланып, тал егілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бір өкініштісі, тарихи мекенге саяхаттап келушілердің ішінен тасқа қашалған жазбаларды бүлдіріп кетіп жатқандар да кездеседі. Құнды мұраны сақтау үшін қандай шаралар қолға алынған?
Қадым замандардың қолтаңбасын төсіне басқан Сауысқандық шатқалының төрт бұрышына арнайы тақта қойылып, мемлекеттің ерекше қорғау аймағы деп белгіленген. Алайда Қаратауға саяхаттап келушілер тұмса табиғатпен бірге құнды ескерткішті де бүлдіріп кетіп жатыр, – дейді ғалымдар.
Сағымбай Мұрғабаев, археолог:
- Сауысқандық петроглифтерінің кереметі – бұл жерде бір жағынан отырықшы мәдениеті, Андронов мәдениетімен көшпенді металлургтердің шекараласып жатқан аймақ болып саналады. Қазіргі таңда Сауысқандық петроглифтерінің сақталу жағдайы өте нашар, әсіресе кіреберіс жағы қатты бұзылып жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мына жерден қазақтың киіз үйіне ұқсас бейнені байқауға болады. Бұл екі бөлікке бөлінген. Ерлер және әйелдер бөлмесі бар. Бұл – ерте түрік дәуірі кезеңінде салынған сурет, – дейді мамандар. Сол уақыттағы адамдардың баспанасы да қазақтың қараша үйіне ұқсаған.
Орталық Азиядағы ең үлкен Сауысқандық петроглифтері 7 шақырымдай аумаққа созылып жатыр және 10 мыңдай сюжеттен тұрады. Ғалымдар: «Бұл бейнелер әйгілі Таңбалы тастан кем түспейді», – деген пікір айтады.
Нұрлыбек Мыңжасов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Біздің дәуірімізге дейін 3800-4000 жылдай уақытта қамтитын, содан бізге жеткен мұра. Мұндағы аморфты бейнелер, түрлі кескіндемелер, бәрі – сонау қола ғасырдан бері қарай келе жатқан дүниелер. Бұл болашақта қорыққа айналса, біздің Қызылорда облысының керемет туристік нысанына айналар еді. Бұған дүниежүзінің туристері келер еді.
Тасқа қашалған рухани құндылық – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енген Ақмешіт атырабындағы 9 ескерткіштің бірі. Алдағы уақытта бұл жерді қорық мұражайына айналдыру жоспарланып отыр, – дейді мамандар.
Ерғазы Алданазаров, облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры:
- Шлагбаум қойып, кіргізу тәртібін қатаң бақылауға алыну керек деп есептеймін және ол жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Туристерді тарту және жәдігерлерді сақтап қалу мақсатында музей ашу күн тәртібінде тұр.
«Тазақ Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі мәдениет саласының қызметкерлері осы Сауысқандық шатқалының маңын қоқыстан тазартып, қарағаш көшеттерін екті. Өңірде «Киелі мекен» апталығында 400-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштің маңы ретке келтіріліп, 5 мың түп ағаш егілді. 80-нен астам танымдық шара ұйымдастырылды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.