Ақтөбенің Темір ауданында су тазарды
Ақтөбе облысы Темір ауданындағы су басқан ауылдарда ауыз су тазарды.
Бұған дейінгі тексеру кезінде су санитарлық талапқа сай болмай шыққан. Облыс орталығында да су сапасы нашарлаған. Қазір тіршілік нәрін тарататын желілер толықтай зарарсыздандырылды. Төтенше жағдай жарияланғалы өңірде 1300-ден астам зертханалық тексеру жүргізді. Дәл қазір ауыз судан денсаулыққа зиян жоқ, дейді мамандар. Сондай-ақ топалаң дертінің ошағы да бақылауда. Аурудың 122 ошағы болса, оның 3-ін су шайған. Індет қоздырғышы бар болуы мүмкін аумақтардан арнайы сынама алынды. Сала мамандарының айтуынша, топырақ санитарлық талапқа сай келеді. Су тасқынынан өңірде 3 мыңнан астам мал қырылды. Олардың өлексесі өртелді. Санитарлық қызмет өкілдері ауызсу мен өзен-көлдердегі эпидемологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр.
Райхан Қойшанова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Сәйкессіздік біздің Темір ауданы Алтықарасу судың резервуарынан анықталды. Дер кезінде жуу залалсыздандыру жүргізіп, 6 сағаттай дезинфекция жасап болғаннан кейін зертханалық тексерістен өтті су. Содан кейін таза болғаннан кейін халыққа берілді. Су тасқыны болып жатқан аудандарда апта сайын жасап жатырмыз. Су құбырын жүргізетін мекемелер өздерінің өндірістік бақылауында күнделікті ұстап отыр.