Атырауда Жайық өзені тереңдетіліп жатыр
Атырауда Жайық өзенінің Теңізге құяр тұсы тереңдетіліп жатыр.
Себебі өңірге келетін тасқын су теңізге кедергісіз өтуі керек, дейді мамандар. Соңғы жылдары бұл жер таязданып, кеме қатынасына қиындық тудырған еді.
Жайықтың Теңізге құяр тамағын тереңдету жұмыстары 11 сәуірде басталды. Содан бері Павлодар өзен порты мекемесі екі ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін мұндағы тереңдік жарты метрге де жетпейтін. Қазір 1 метрден асты. 4 техника мен 12 адам жұмылдырылған.
Дидар Әліпов, жоба жетекшісі:
- Урал-Каспийский канал деген өзінің негізі 56 км болады. Соның ішінен Жайықтан шығатын су, ауызы бітеліп жатыр. Тереңдету жұмысының параметрлері бізге берілген 1600 метр ұзындығы каналдың, 20 метр ені, тереңдету 1,20-1,40 метр. Осы күнде 2 земснаряд жұмыс жасап жатыр.
Жайық өзені мен оның теңізге құяр тұсын тереңдету тамыз айына жоспарланған еді. Бірақ тасқын судың алдын алу мақсатында бұл жұмыстар ерте басталды. Өйткені жоғарыдан келген су Теңізге кедергісіз кетуі үшін жобаның маңызы зор, дейді мамандар.
Талғат Бисен, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Түп тереңдету жұмыстары жалпы тасқын су келгенге дейін жалғасатын болады. Одан бөлек негізі біз Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен жобалық-сметалық құжаттамасын жасап қойған болатынбыз бұған дейін. Ол жоба республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша жолданған болатын. Жоба бойынша 13,6 шақырымды, ені – 40 метрді, тереңдігі 3 метрді құрайтын. Қазіргі таңда бізде тезірек жұмыстарды атқару керек болған соң ерте кірісіп кеттік.
Тереңдету жұмыстары балықшылар үшін де маңызды. Өйткені бірнеше жылдан бері өзеннің теңізге шығар жері таязданып, кеме қатынасы да үзілген еді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Облыс орталығында Жайық өзенінің деңгейі 412 сантиметрге жетті. Қазір облыста тасқынға қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 512 шақырым бөгет соғу жоспарланса, бүгінде соның 90 проценттен астамы орындалды. Бұл жұмыстарға 15 мыңнан астам адам мен 1745 техника жұмылдырылған.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин