Жас дәурендегі әсерлі демалыс
Үйлерін су басып, эвакуациялық пункттерді паналауға мәжбүр болған бірқатар отбасы балалары Павлодар облысында демалып жатыр.
Жас дәурен оқу-сауықтыру орталығына келген 59 баланың 51-і Қостанай облысынан.
Олар алғашқы күннен бастап жан-жақты қолдауға ие болды.
Айдын Сағидолла Арқалық қаласының Қызыл жұлдыз ауылынан келіпті. Бейқам жатқан жұрт судан төнген қауіпті түн ішінде естіпті. Құтқарушылар тезірек далаға шығып, мұнара жаққа баруға кеңес береді. Бірінші кезекте балалар мен қарттарды эвакуациялайды. Бірақ ауыл адамдарының көбі жылда келетін су ғой - деп үйде қалыпты.
Айдын Сағидолла, 9 сынып оқушысы:
- Келесі күні терезеден қарап қалсақ су деген кәдімгідей ауылды басып кеткен екен. Сол кезде ауылдан шыға алмай қалған адамдар өте көп еді. Жүзден астам адамды вертолетпен қалаға қарай эвакуация жасаған еді. Өзім сол күні автобуспен вездеходпен алып кеткен тұғын, сол күні Қайыңды деген ауылдың екі ортасында ол суға батып кетіп, ол жерде он сағаттай тұрғанбыз. Осы он сағат тұрғаннан кейін түнгі екілерге қарай вертолет келіп, бізді алып кетті.
Балалардың Жас дәурен лагеріндегі демалыстары аяқталып келеді. Олар баянауылдағы жиырма күн ұмытылмастай әсер қалдырғанын айтады.
Фатима Мұратбек, 9 сынып оқушысы:
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне бардық. Оның алдында Кемпіртас, қасиетті жер Қоңыр әулие, Жасыбай батыр, Сабындыкөл сол жерлерге бардық. Баянауылдың табиғаты өте керемет, өте күшті әсер береді. Жас дәурендегі күндеріміз өте қызықты өтіп жатыр. Сондықтан үйімізді де анда-санда сағынамыз. Бірақ осы лагерьден де кеткіміз келмейді. Вожатыйлардың бәрі бізге ұнайды.
Оқушылар бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізіп жатыр. Үйірмелерге қатысып, саяхаттарға шығады. Мұнда оқу үрдісі мен тәрбие жұмысы басты назарға алынған. Денсаулықтары дәрігердің жіті бақылауында.
Гүлзия Өмірбекова, «Жас дәурен облыстық оқу-сауықтыру орталығының дәрігері:
- Балалардың денсаулығын күшейтіп, иммунитетін арттыру үшін осындай сауықтыру кабинеті бізде жұмыс істейді. Балалар қырық минут сабақта отыратын болғандықтан міне, мына балаларға арқасы ұйып қалғанда массаж жасаймыз. Арқаларына, мойындарына, қолдарына жасаймыз. Фито шайлар береміз әртүрлі.
Қайырымдылық көмек балалар «Жас дәурен» лагеріне келген алғашқы күні-ақ жеткізілді. Білім саласы киім-кешек, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Қоғамдық бастан аяқ киіндірді. Олар кеше ғаан 59 балаға спорттық киімдер әкеп берді.
Ербол Нұғыманов, физика пәнінің мұғалімі /Қостанай қаласы:
- Жалпы біз бұл өңірге 11-ші сәуірден бастап келдік. Жақсы күтіп алды. Осындағы басшыларға мыңда бір алғыс айтамыз. Әріптестер балаларды өздерінің баласындай қарап жатыр. Өздеріңіз көрген шығарсыздар үйірмелер әдемі жұмыс істеп, қолөнер, спорттық сайыстар.Балалар өте әсерлі демалып жатыр.
Жұлдыз Селеусина, облыстық оқу-сауықтыру орталығының басшысы:
- Балалар бес мезгіл тамақтанады, барлық Баянауыл өлкесі бойынша танысу мақсатында саяхаттарға барады. Қазіргі таңда Торайғыр, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесімен Сәтбаев мұражайымен, Торайғыр мұражайымен танысып, көптеген мәліметтер алып Баянауыл өлкесімен танысу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда балалардың көңіл күйлері де, денсаулықтары да өте жақсы.
Жиырма күн ішінде жаңа ортаға бейімделіп үлгерген жеткіншектердің Жас дәурен ұжымымен қоштасатын сәті таяп қалды. Жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы 150 балаға шақталған. Жылына 1 мың 300 баланы қабылдайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев