Астанада аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығу жиындары өтті
Бұл шараға Отан алдындағы борышын өтеп, запасқа шыққан 100-ге жуық адам шақыртылды.
Олар 10 күн бойы әскери дағдыларды қайта оқып, қала аумағындағы маңызды деген стратегиялық нысандарды қорғау істерін пысықтады.
Риат Шони, тілші:
- Менің ту сыртымдағы ғимарат – ол еліміздің әскеріне маңызды деген көздеуіш оптикалар шығарады. Ал оның арғы бетінде Астана су арнасы орналасқан. Дәл қазір маңызды екі стратегиялық нысанға лаңкестер лап беріп, шабуылдап жатыр. Ал оларға Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасы төтеп беруде. Қазір атыс жүріп жатыр.
Бұл аумақтық қорғаныс бригадасының 10 күндік жиынының қорытындысы. Оқу-жаттығу барысында қаладағы стратегиялық маңызды нысандарға жасалған шабуылдың бетін қайтарып, қаруланған топқа тойтарыс беру шарасы пысықталды.
Руфат Тәліпов, взвод командирі:
- Менің ойымша осындай шараларды көбірек жасап, халықты дайындау керек. Енді Алла сақтасын. Ондай нәрсе болмасын. Бірақ кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын азаматтар осылай келіп, өз міндетін атқару керек.
Тактикалық оқу-жаттығу барысында лаңкестер бригадаға екі жақтан тұтқиылдан шабуыл жасады. Алғашқы соққыны қабылдаған блок бекеттегі екі сарбаз жарылыс салдарынан бірден қаза тапты. Өзге топ негізгі күш көмекке келгенше дейін қаруланған лаңкестермен атыс жүргізді. Дұрыс таңдалған тактиканың арқасында террористер арам ойларын жүзеге асыра алмады. Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жігіттері тірі қалған лаңкестердің қолына кісен салып, тергеуге алып кетті.
Астана қаласында аумақтық қорғаныс бригадасының жиыны сәуірдің 15-і күні басталған. Отан алдындағы борышын өтеп кеткендер қайта шақыртылып, 10 күн ішінде әскери дағдыларды қайта меңгерді.
Әліби Тоқтасынов, кіші сержант:
- 10 күндік жиын жақсы негізі. Еске алып бұрынғы армияны. Ұмытып қалған тұстар жоқ. Бірақ кейбірін еске түсіруге болады. 10 күндік тәртіп сол армиядағыдай болды ғой. Бәрі сондай. Еш айырмашылы жоқ. Кешке отбой, таңертең подъем дегендей.
Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының 10 күндік жиынына 100-ге жуық адам шақырылған. Оның 20-сы офицер шеніндегілер. Яғни, запастағы лейтенанттар екен.
Омар Орынбаев, Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі:
- Негізі аумақтық қорғаныс бригадасы оынң міндеттері осы Астана қаласының аумағын қорғау және оның ішіндегі аса маңызды объектілерді соғыс және төтенше жағдай болған кезде қорғауға алу. Заңға сәйкес біз 10 күн ішінде әскери жиынға шақырған кезде жұмыс орны сақталады. Сонымен қатар бұларға орташа айлық төленеді жұмыс істейтіндерге.
Жалпы айта кету керек, аумақтық қорғаныс бригадасының жиындарын биыл 2 рет өткізу жоспарланған. Енді келесісі тамыз айында ұйымдастырылатын болады.
Авторлары: Риат Шони, Абдулхамит Бөлекпаев