Қызылорда өңірінен сирек кездесетін қолжазбалар табылды
Мамандар пікірінше мұнда өткен ғасырдағы ислам ғалымдарының пәтуасы болуы мүмкін.
Бұл туралы олар Астанада ұйымдастырылған «Ғасырлар руханияты» көрмесі барысында айтты.
Сыр елінен тарихқа тіл бітірер қолжазбалар табылды. Мамандар пікірінше мұнда өткен ғасырдағы ислам ғалымдарының пәтуасы берілген. Қолға түскен қолжазба көшірмесі шетел ғалымдарының да қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Асхат Сайлауов, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы:
- Бір-екі қолжазбаны аударғанымызда бұл ғалымдардың пәтуасы. Күнделікті тұрмыста қалай болуы керек, тәрбие құралы ретінде ел ішіндегі діни мәселеге байланысты ислам ғалымдарының берген пәтуасы болуы мүмкін деп жорамалдап жатырмыз. Алдағы уақытта осы қолжазбалардың ақиқатын ашамыз деп үміттенеміз.
Көне қолжазбалар легі мұнымен біткен емес. Музей қорында сақталған XVIII-XX ғасырларға жататын сирек кездесетін кітаптар да бар. Мәселен өзбек тілінде жазылған Сияр Шәріп кітабы ғалымдар назарында. Жоғалып қайта табылған бұл кітап та зерттеуді қажет етеді.
Мұхамедқали Баймұханов, шығыстанушы:
- Бұл Сияр Шәріп пайғамбарлар өмірі деп аталады. Бұның түрлері көп. Өткен ғасырларда бұл көп таралған кітап болған. Бұл әрине құнды кітап. Көп уақыттар бұрын жоғалып кеткендей болды. Орнында бар оңалар дегендей қолжазба дәрежесінде көшірмешілер көшірген.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сыр бойындағы діни ағартушылардың мұралы жинақталған. Бүгінгі таңда 150-ден астам құнды жәдігер бар. Солардың ішінде әулиелердің мөрлері де сақталған.
Асхат Сайлауов, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы:
- Ерекше жәдігерлер батырларымыздың, діни ағартушылардың, әулиелеріміздің мөрлерінің көшірмесі. Осының ішінде ерекше айтатынымыз Марал ишанның баласы Қалмұхамбет ишанның мөрі сақталған. 2022 жылы өзінің туыстарының жеке қорынан тауып, осы мөрді аудартқанымызда Қалмұханбет ибн Марал ишан хижраның 1242 жылы деп жазылғанын анықтадық.
Тарихтан сыр шертер шежіре мен құнды қолжазбалар «Ғасырлар руханияты» көрмесінде сап түзеген. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі» деген болатын.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Қанат Махмутов