Алматыда тұрмыстық жанжалмен күрестің шетел тәжірибесі таныстырылды
Шетелде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күреседі? Олардың тәжірибесі қандай?
Осы мәселе Алматыда өткен дөңгелек үстелде талқыланды. «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» әлеуметтік жобасының қатысушылары Австрияға барып, заңнамасымен, әлеуметтік институттардың жұмысымен танысып қайтқан. Енді ол жақтағы «Orient Express» әйелдер қауымдастығымен серіктестік туралы келісім жасау көзделіп отыр. Жобаның бастамашысы – қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясатының комиссиясы. Жақын арада жоба аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңның нормаларын түсіндіру мақсатында бірқатар іс-шара өткізілмек.
Наталья Мұхамеджанова, «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» жобасының қатысушысы:
- Австрия ұзақ жылдар бойы өмір сүруге ең жайлы және қауіпсіз елдердің қатарынан түскен емес. Біз тек осы елдің тәжірибесін алғымыз келді. Балаларды қалай қорғайды, әйелдерді қалай қорғайды, жалпы әлсіз топтарға көзқарасы қандай? Осыған қатысты, ондағы қоғамның қалыптасуы жайында біраз жайттарды саралап қайттық.