Табиғатты қорғау – адамзаттың парызы
Бүгін астаналық белсенділер жаппай сенбілікке шықты.
Экологиялық акция Қосшы қаласының маңын тазартудан басталды. Жиналғандар Нұра өзені жағасындағы қоқысты бөлек қаптарға сұрыптап жинады. Ауқымды шара «Бірге таза Қазақстан!» республикалық экологиялық ациясы аясында ұйымдастырылған. Онда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері, экологиялық ұйымдары қауымдастығы, еріктілер, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Акцияның мақсаты - өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуда ел халқын біріктіру.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Өкінішке қарай, айналамызда шашылған қоқыс көп екенін көріп жүрміз. Сондықтан бүкіл ел бойынша осындай акциялар өтіп жатыр. Бұл халықтың экологиялық жағдайға алаңдаулы екенін білдіреді. Бірақ бұл мәселе шашылған жерді жинаумен емес, қоқыс тастамау арқылы шешіледі. Мен барша қазақстандықтарды қоршаған ортаға зиян келтірмеуге, табиғатты аялауға шақырамын. Себебі, бұл біздің ортақ байлығымыз.
Сондай-ақ, Астана қаласының жасыл белдеуі аумағында 2000-нан астам көшет егілді. Бұл шара жыл сайынғы «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 25 000-ға жуық адам қатысты.