Елдегі 567 су нысаны апатты жағдайда тұр

Ал оны жөндеп, қалыпқа келтіру механизмдерін реттейтін Су кодексі 2003 жылы қабылданған.

Әрине, 20 жылда талай дүние өзгерді. Сондықтан, су мәселесіне де жаңа қырынан қарау қажеттігі туып отыр. Қазір Су кодексінің жаңа жобасы әзірленіп жатыр. Жобада су нысанын мойнына алған тараптың жауапкершілігін күшейту, суды тең бөлу тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр.

Бүгінде ел аумағында 270 тоған, 461 шағын су қоймасы бар. Тоғандардың 134-і – коммуналдық меншікте, 132-сі – жекеменшікте, 4-і иесіз жатыр. Сондай-ақ, шағын су қоймаларының 47-сі республикалық меншікте болса, 400-ге жуығы коммуналдық мекемелер балансында тұр. 37-сі – жекеменшіктің иелігінде. Ал 4 су қоймасының қожайыны жоқ. Бұл нысандардың жұмысын реттейтін Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдиннің айтуынша, 20 жыл бұрынғы заң қазіргі жағдайға сай келмейді.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұны енді басқарудың біздің заңда негізгі кемшілігі бар. Оның кемшілігі, мысалы үшін сол су айдындарын жекеменшікке, болмаса сенімгерлік басқаруға беруге болады да, ал енді оны әрі қарай күтіп ұстау тәртібі жоқ. Сол тәртіп белгіленбеген. Сол тәртіп дегеніміз не? Бұл жаңағы судың, су айдындарының астының лайлануы, экологиялық талаптарға сай болуы, маңайының абаттандырылуы, ол судың таза, дұрыс сапасының болуы, осының бәрін қалай ұстауы, сол міндеттелмеген де.

Қазір Су кодексінің жаңа жобасы әзірленіп жатыр. Жобаға 200-ден астам ұсыныс беріліп отыр. Бұлардың қатарында су нысандарына жауапты тараптың жауапкершілігін күшейту де көзделген. Айыппұл салудан бастап, қылмыстық іс қозғау да қамтылған.

Нұрлыхан Бимурзаев, ҚР СРИМ Су саясаты департаментінің бас сарапшысы:

- Меншік иесі су объектілерін егер де талаптарға сәйкес қоланбаса, эксплуатациясын қате жүргізсе, өрескел қателер жүргізсе, онда мемлекет ол объектіні уақытша өз қарамағына алуға құқылы. Жаңа кодексте меншік иесінің жауапкершілігі, міндеті артады.

Қазақстанда 8 бассейндік инспекция бар. Былтыр инспекторлар елдегі барлық гидроқұрылымды тексеріп, 537 су нысанының апатты жағдайда екенін анықтады. Сонымен қатар, су лимитін әділ бөлу өзекті болып тұр. Жаңа кодексте судың тең бөлінуін қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылау енгізу қарастырылған.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қоғамдық бақылау туралы бір ғана мысал келтіре кетейін, Сарысу өзені бар. Сарысу өзені Қарағанды, Нұра. Сарысу-Нұра инспекциясынан басқарылады. Ол Қарағанды облысынан шығып, Ұлытау облысын толық кесіп өтіп, Қызылорда облысына барып, Телікөлге құяды. Енді, осы Нұра-Сарысу инспекциясымен басқарылады да. Ал енді бұ жерде өзеннің бойында жатқан елді мекендер, суды пайдаланушылардың құқықтары тең емес. Өйткені, судың басындағы кісілер тоғандардың маңайындағы кісілер өздерінің құқықтарын пайдаланыда да, ең соңындағы, мысалы, өзеннің ең аяғында отырған кісінің құқығы ескерілмейді.

Нұрлыхан Бимурзаев, ҚР СРИМ Су саясаты департаментінің бас сарапшысы:

- Қоғамдық бақылау орнату үшін қоғамдық кеңестер, қоғамдық ұйымдар, яғни қоғамдық кеңестерге қатыса алатын болады. Қоғамдық ұйымдар біріншіден министрлік тарапынан аккредиттелген болуы керек. Министрлікке 5 күн жұмыс ішінде өзінің жарғысын ұсынып отырып, аккредитациясын алуы керек. Олар сол бассейндік территорияда болып жатқан әртүрлі өзекті мәселелерді өз тарапынан ұсынып, сол ұсыныстарға шешімді қабылдауға әсер ете алады.

Депутаттардың айтуынша, қоғамдық кеңесті инспекцияның құзырынан шығарып, тікелей министрлікке бағындыру қажет. Бұл кеңестің құрамына суды пайдаланатын шағын қожалықтардан бастап, ірі өндіріс ошақтарының да өкілдерін енгізуді ұсынып отыр. «Ал бассейндік инспекция тараптардың қатысуымен қабылданған шешімге сәйкес жұмыс істеуі керек. Осылайша су қорын сақтауға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік туады», - дейді депутаттар.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев, Ержан Рахманбердиев