Екібастұздағы электр станциясы салық төлеуден жалтарды

Екібастұздың 2-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясы бюджетке 640 миллион теңгенің салығын төлемеген.

Мұндай заңбұзушылықты прокурорлар анықтады. Электр станциясы бұл қаржыны корпоративтік табыс салығы үшін төлеу керек болған. Қадағалау актісі бойынша жазалау шаралары қабылданды. Қазір кәсіпорында тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Екібастұздың энергетикалық кешенінде бұған дейін де ірі қаржылық алаяқтық әрекет әшкереленді. Бір ай бұрын кәсіпорын басшылығының бір миллиард теңгені талан-таражға салғаны белгілі болды. Ал жақында қаладағы шенеуніктер дауға іліккен. Олар 3-ші электр станциясының құрылысына 126 миллион теңге тұратын жер телімін 1 миллиард теңгеге сатпақ болған.