Қарағанды облысында кеншілер қазақ тілін меңгеріп жүр

Қарағандыдағы Саран көмір шахтасында тау-кен жұмысшысы қазақ тілінен сабақ береді, деп хабарлайды 24KZ.

Жасұлан Боранқұлдың оқушылары – түрлі ұлттың өкілдері. Нәтиже жаман емес. Бірлігі жарасқан ұжым мүшелері бүгінде мемлекеттік тілді меңгере бастаған.

Жасұлан Боранқұл – 3 бірдей мамандықтың иесі. Заңгер, тау-кен жүмысшысы және филолог. 5 жылдан бері Саран көмір шахтасында еңбек етеді. Соңғы кездері басшылық нұсқауымен осындағы түрлі ұлт өкілдеріне аптасына 3 мәрте дәріс те оқып жүр.

Жасұлан Боранқұл, Саран көмір шахтасының тау-кен жұмысшысы:

- Басты мақсатымыз – бұл осы жердегі әріптестерімізге қазақ тілін үйрету. Көпшіліктің арасында болсын, жұмыста, үйде болсын, өздерінің ойын жетік білдірмесе де – түсіну. Қазір, міне, байқаймын, түсінемін, бір-бірімізбен қазақша сөйлесеміз. Күнделікті сөздермен.

Шахта жүмысшылары мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Мұндағы мекеме іс-қағаздары екі тілде жүреді. Оларға қазақ тілі сабағы айтарлықтай септігін тигізіп жатыр.

Станислав Катькал, инженер-энергетик:

- Осы курсқа 1-2 айдай қатысып жүрмін. Жайлап үйреніп жатырмыз. Шын айтсам, күнде болса да, бұл артық болмайды. Өзіме әлі қиындықтары бар. Ұмытып қаламын. Сөйлеспесең, ұмыта бересің. Қазақтар қасымда болмаса, болмайды ол.

Бірлігі жарасқан ұжымда көптеген ұлттың өкілдері жұмыс істейді. Мысалы, мына аядай ғана техникалық қауіпсіздік бөлімінде қазақ, орыс, шешен, украин, неміс ұлтының өкілдері қызмет етеді. Кілең 30-дар шамасындағы жастар шахтаның ең бір күрделі де жауапты жұмысын ұршықша иіріп жүр.

Евгений Пиксайкин, бас инженердің орынбасары:

- Біз өндірістегі қауіпсіздіктің сақталуын қадағалаймыз. Заңға сәйкес дұрыс жұмыс істелуі тиіс. Жиі шахтаға түсіп еңбек қауіпсіздігіне көз жеткіземіз. Жұмысшыларға қатердің алдын алу, оқыс жағдайда қалай шұғыл әрекет етуді жан-жақты түсіндіреміз. Көпішілікпен жұмыс болғандықтан, тіл білу бізге үлкен септігін тигізеді.

Қарағандыда 8 көмір шахтасы бар. Әрқайсында кемі 1,5 мың адам еңбек етеді. Келешекте барлық кенішке Саран шахтасындағы пилоттық жобаны енгізсе, мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына зор үлес қосқанымыз, – дейді тау-кен жұмысшысы Жасұлан Боранқұл.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.