Ел бойынша 14 млн текше метр қар суы шығарылды

Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында Жайық өзеніндегі су деңгейіне мониторинг жасалып, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Құлсары қаласында 150 мың текше метр су сорылды. Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданының Зубовск кентінде 18 ауланың аумағынан судың бағыты бұрылған. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының орталығы мен Қызылжар ауданында жылжымалы сорғы станциялары мен мотопомпалардың көмегімен 356 үйден қар суы сорылды. Мамандардың айтуынша, ел бойынша 8 мыңнан астам тұрғын үй мен 3 мыңға жуық аула аумағынан судың бағыты бұрылып, 14 млн текше метр еріген қар суы шығарылған. Құтқару және тасқын салдарын жоюға 14 мыңнан астам адам, 1500 техника жұмылдырылды. Өңірлерге шамамен 7 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.