Орман шаруашылықтарында өрт сөндіру техникасы жаңарады

Синоптиктер: «Биыл жазда аптап ыстық болады. Ауа температурасы 40 градустан асуы мүмкін», – деп дабыл қағып отыр.

Елімізде өрттің қауіпті кезеңіне дайындық басталды. Абай облысында болған өрттен кейін «Семей орманы» резерватының автопаркі 70%-ке тозғаны анықталған еді. Қазір өңірлердегі орманшылықтардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.

«Семей орманы» резерватының қарамағында 37 орманшылық бар. Маусым сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қауіптің алдын алу үшін өрт сөндіру көліктері жаңартылды.

10 жүк көлігі және 14 шағын өрт сөндіру машинасы алынған. Себебі қолданыстағы 50 патрульдік көліктің барлығының тозығы жеткен.

Ғани Алпысшалов, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты директорының орынбасары:

- Ең үлкен мәселе – патрульдік машиналар. Олардың жағдайы ауырлау кішкене. Барлығы 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүр. Бұрынғы шыққан машиналарға қазір, «запчасти» дейміз ғой, оны табу өте қиын болып тұр.

«Семей Орманы» резерватының басшылығы орман алқаптарын төбеден бақылау үшін дрон мен тікұшақ алуды жоспарлап отыр. Қазір қажетті құжаттар жасалған, тек қаражат керек.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Былтыр Абай облысында болған алапат өрт 60 мың га жасыл желекті күлге айналдырды. Қазір орманды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Таза Қазақстан акциясы басталғалы мұнда мынадай 10 мыңнан астам көшет егілді. Олар өсіп-өнуі үшін жылдар қажет.

Бұл «ГАЗ-53» көлігі 16 жылдан бері орманшылардың игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Ескі техниканың күшімен құтқарушылар бірнеше мәрте қызыл жалынның бетін қайтарған. Мысалы, 2023 жылы Абай облысында тіркелген төтенше жағдайға Черемшан орман шаруашылығының қызметкерлері көмекке келген еді.

ШҚО-да орман станциялары мен кезекшілікке арналған блокпосттар қойылуы керек. Ол дала өртін жедел анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде өрт сөндірушілердің арнайы жасағы құрылды. Енді қажетті техникаларды сатып алу жоспарланып отыр.

Мұрат Құсаинов, ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Шекара маңындағы аудандарда орналасқан орман шаруашылықтарын дамыту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Барлығы талапқа сай өтіп жатыр. 205 миллион теңгеге қазір 5 трактор сатып аламыз, конкурстық рәсімдер жүріп жатыр, келісімшарт жасалды.

Ал Қостанай облысында бұл мақсатқа 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, 20 өрт сөндіру машинасы мен 11 трактор сатып алынған. Сондай-ақ жасыл желек алқабын күні-түні бақылайтын бейнекамералар орнатылды. Оның әрқайсы 20 шақырымға дейін түсіріп, орталыққа ақпарат жіберіп отырады.  

Аязбек Ысқақов, Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

- Қостанай облысында бізде мобильді топ құрылған. 106 мобильді топ 500 шақты адам болады. Бұл мобильді топта біздің төтенше жағдай қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және орман алқаптарындағы инспекторлар жұмылдырылады. Бұл мобильді топтың мақсаты – адамдар жүретін, адамдар демалатын жерлерде патруль жасау.

Үкімет табиғатты қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Бұған қазынадан 68 млрд қаржы бөлінеді. Биыл министрлік жаңадан 130 өрт сөндіру машинасын, 117 шағын техника, 71 патрульдік көлік пен 52 трактор алуды жоспарлап отыр.

Қуат Мейрамбеков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік бақылау, орманды қорғау басқармасының бас сарапшысы:

- Биыл республикалық диспетчерлік қызмет базасында арнайы орталық құру жоспарланып отыр. Өртті дер кезінде анықтауға арналған құрылғылардың көмегімен ақпарат аламыз. Осылайша, тұтанған отты ерте анықтай аламыз.

Алайда биылдың өзінде 11 мың гектардан асатын 26 орман өрті тіркелген. Бұған дейін Қостанай мен Абай облыстарында болған алапат өрт бұл салаға баса назар аудару керектігін аңғартты.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.