Маңғыстаудағы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі
Маңғыстау облысында "Жаңа мамандықтар атласы» құрылады. Бұл бастаманы ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады.
Ақтауда энергетика, көлік-логистика және құрылыс саласының мамандары бас қосып, еңбек нарығына қажет мамандықтар тізімін бірлесіп құруға уағдаласты. Foresight әдістемесі қолданылатын жобаға мемлекеттік жоғары оқу орындары атсалысады.
«Foresight» сөзі ағылшын тілінен аударғанда "болжау" дегенді білдіреді. Бұл термин өткен ғасырдың 30-жылдары пайда болған.
Форсайт-жобаны белгілі бір бағыт бойынша білікті мамандар жүзеге асырады. Сол саланың болашағын талдап, келешекте қажет болатын мамандықтар тізімін құрады. Ақтауда өткен жиында теңіз ісінде жасанды интеллект қолдану, ақылы трассаларды көбейтіп, жолдағы сервистік қызмет сапасын арттыру және транзиттік жүк тасымалына цифрлық технологияларды кеңінен қолдану керектігі айтылды.
Асылбек Теңізбаев, ҚР порттары теңіз әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда транспорт және логистика саласы бойынша мамандар өте тапшы. Капитандар, аға механиктер, көмекшілер өте аз. Осы форсайт-сессияны пайдалана отырып, жоғары лауазымда отырғандарға өзіміздің ұсыныстарымызды бергіміз келеді. Маңғыстау өңірінде теңіз саласын дамытуымыз керек. Әлемдегі теңіз державасына айналдыру керек болып тұр.
"Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" аса қажет және жақын арада пайда болатын кәсіптер жинағы. Мысалы энергетика саласы бойынша мамандықтар осы тізімнің басында тұр. Сарапшылар болашақта ядролық инженер, ақылды желі дизайнері, жаңартылатын энергия жобаларының менеджері, киберэнергетиктерге сұраныс жоғары болады, - деп болжайды.
Қуаныш Шүйішбаев, "Ақтау электр желілері" басқармасы директорының кеңесшісі:
- Энергетика саласы алға қарай дамып, көтеріліп келе жатыр. Бізге мамандарды жаңарту мәселесі туындап тұр. Мысал үшін Маңғыстау өңірінде жетіспейтін мамандар бар. Ол инженер-релейщиктер, техник-релейщиктер, расчет есебін шығарып білетіндер, метрологтар.
Евгений Виноградов, жоба кеңесшісі:
- Форсайт-сессияға қатысушылар, яғни сарапшылар болашақты жобалауға тырысады. Олар энергетика, көлік-логистика және құрылыс саласының келешегі 15-20 жылдан кейін қандай болады деген сауалға жауап іздейді. Соның нәтижесінде Маңғыстауда жаңа мамандықтардың атласы жасалады.
Форсайт-сессияда құрылыс саласындағы кадр тапшылығы мен осы бағыттағы цифрландырудың кенжелеп қалғаны айтылды.
Басқосу соңында энергетика, көлік-логистика және құрылыс салалары бойынша 30-ға тарта тренд-мамандық айқындалды. Алдағы уақытта "Скилс тэкнолоджи форсайт" әдістемесі негізінде Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Алматы, Түркістан және Ұлытау облыстарына арналған жаңа мамандықтар атласы жасалады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, «24.KZ», Маңғыстау облысы