Ақтаулық оқушылар әскери теңізшілердің қызметімен танысты
Ақтаулық оқушылар әскери теңізшілердің қызықты әрі жауапты қызметімен танысты.
Болашақ Отан қорғаушылар әскери су айлақта зәкірде тұрған кемелердің ішіне кіріп көрді. Теңізшілер жорық кезінде демалатын орындарды аралап, ботқадан дәм татты. Мереке қарсаңында жауынгерлік теңіз флотының әлеуетімен танысқан балалардың қуанышында шек жоқ.
Оқушы әскери кемедегі арнайы белгі беретін қоңырауды соғады.
Рамазан Жәмкенов 8-сыныпта оқиды. Каспийде жүзген әскери кемелерді бұрын тек жағалаудан көріпті. Енді сыныптастарымен бірге жауынгерлік кораблге мініп, ашық теңізге шықты. Басқару рубкасында тұрып, теңізшілерге нағыз командирше бұйрық берді. Болашақ Отан қорғаушылар «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кеме каюталарын аралап, қару-жарағымен танысты.
Рамазан Жәмкенов, оқушы:
- Бұл жерде офицерлердің отыратын орны, олардың істейтін жұмысы және егер де далада тұман болып кетсе, кеменің қауіпсіздігі үшін ұратын қоңыраулары, атып жоюға арналған пулеметтері ұнады. Жалпы, бүгінге естігенім осы Қазақстанда құралатын кемелер туралы, олар Оралда құралады екен. Мен оны естіп өте қатты қуандым.
Оқушыларды жас теңізшілер құшақ жая қарсы алды. Былтыр күзде әскерге шақыртылған жігіттер Отан алдындағы борышын Ақтауда өтеп жүр. Шалқар Бекзатханов армияға Түркістан облысынан шақыртылған. Бұған дейін теңізді теледидардан ғана көрген бозбала қазір әскери кемені әуеден келетін қауіптен қорғайтын зенитші.
Шалқар Бекзатханов, әскери теңізші:
- Әскери теңізші дегеніміз теңізден келетін қатердің алдын алушы. Мен осы сәтті пайдалана отырып, жастарды әскери теңіз күштерінің қатарына шақырамын. Отанымызды бірге қорғайық!
Саламат Қамидоллаұлы, «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кеме командирінің көмекшісі:
- Экипаж 30 адам және бізге мерзімді әскери қызметшілер әр облыстан келеді. Келген кезде алдымен бір ай бойы жағада үйренеді. «Учебка» дейміз. Қалғанын кемеге келіп, өзінің мамандығына байланысты үйренеді. Бұл жерде штурман-жауынгерлік бөлімі бар. Артиллеристер бар және электромеханика-жауынгерлік бөлімі бар.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Әскери теңізшілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында оқу-жаттығу жиі өткізіледі. Мәселен, биыл шілде айында Ақтауда ауқымды шара болады. Ашық теңізде және құрлықта өтетін жаттығуға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің қарулы күштері қатысады деп жоспарланған.
Еліміздің әскери флотында қанша кеме бары құпия мәлімет. Бір білетініміз, жауынгерлік кораблдер ұтқыр әрі заманауи атыс қаруларымен жарақтанған. Әскери-теңіз күштері мемлекет шекарасын күзетіп, Ақтау және Құрық порты секілді стратегиялық объектілерді, Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі құбырлар мен кен орындарын қорғайды. Теңізде төтенше жағдай туындаған сәтте іздестіру-құтқару операцияларына атсалысады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев