Бауыржан Момышұлы ерлігі – көпке үлгі

Енді «Айбын» орденінің екінші дәрежесіне Бауыржан Момышұлының есімі беріледі.

Батальон командирлігінен дивизия басшысына, аға-лейтенанттан полковник дәрежесіне көтерілген даңқты батырымыздың ерлігі – көпке үлгі. Қазір бірқатар білім ордасында Момышұлының әскери жолы ұлықталып жүр.

1941-45 жылдардағы соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 300 мыңнан астам ұл мен қыз аттанды. 500-ден астамы елге «батыр» атанып оралды. Отанын жаудан қорғау үшін жанқиярлықпен соғысқан Кеңес халықтарының арасында қазақтардың ерекшеленгені рас. Панфилофшылардың ішінде өз заманында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да болды. Ол тарихта Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы ретінде қалды. Қазір оның ұрпағы ата жолын үлгі тұтады. Немере інісі Бекет Момынқұлдың өзі: «Қанды қырғындағы ағамның қолданған әдісіне тәнтімін», – дейді.

Бекет Момынқұл, Б. Момышұлының немере інісі:

- Ол әскери ғалым болды. Мәскеу түбіндегі «Бауыржанның спиралі» деген әңгіме, «маневр оборона» дейді, ол қайдан шықты? Ол баяғы біздің қазақ батырларының соғыс жүргізетін тәсілі ғой! Бауыржан соны пайдаланған. Оны, әрине, кішкене өзгертіп жасады, бірақ негізі сол. Оны қайдан білді?! Мен сондай нәрселеріне таң қаламын!

Қазір даңқты батырдың аты барынша ұлықталып жатыр. Мәселен, Астанадағы мына білім ордасына Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Мұндағы мұражай да соның атында. Музейдің көркін келтіріп тұрған бюсты Ерболат есімді мүсінші жасапты. Онда Момышұлының әскери қызметін аяқтап, жазушылыққа бет бұрған кезі бейнеленген. Иығында полковник шенін айқындайтын белгісі мен кеуде тұсындағы «Мәскеуді қорғағаны үшін» алған ордені бар.

Ербол Ермаханұлы, Б. Момышұлы атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі:

- Бұл бюсттың авторы – Ерболат деген ағамыз. Бюсттың мектепте табысталу тарихы да ерекше. 2020-2021 оқу жылдарында Момышұлы бюстын жасап қойған, бірақ оны қайда беремін, қайда табыстаймын деп жүрген кезде осы Қарқабат көшесіне өтіп бара жатып, Момышұлы атындағы мектептің суретін көріп қалады. Сол кісі мектеп әкімшілігіне келіп, 7 мамыр күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкерлерімен келіп, осы мүсінді арнайы мектепке ресми түрде табыстады.

Мектепте тіпті кадет сыныбы бар. Онда өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін оқушылар білім алады. Міндетті пәндерден бөлек, «Алғашқы әскери дайындық» пәні тереңдетіліп оқытылады. Оқушылар: «Бауыржан Момышұлы атамыздай қайратты болғымыз келеді», – дейді.

Ерасыл Жәнібек, Б. Момышұлы атындағы мектептің 9 сынып оқушысы:

- Біз саптық дайындық сабақтарында автоматты шашып-жинауға үйренеміз. Және әскерге барғанда, дайын болып тұруға үйретеді. Осы кадет сыныбында біз алгебра, информатика деген пәндерден басқа Алғашқы әскери дайындық сабақтарын да өтеміз. Онда біз патриоттық сезім, әскери сезімді сезіне аламыз.

Мұғалімдер «Ұлыларды ұлықтау – ұрпаққа аманат» қағидатын ұстанса керек, олар Момышұлының өмірін, ерлігін, әскер мен қызмет жолын ұлықтау бойынша жаңа жобаны қолға алған.

Әйгерім Хамитова, Б. Момышұлы атындағы мектептің директоры:

- Мәскеудің жанында Зеленоград қаласында Б.Момышұлы атындағы мектеп бар екен. Осы мектеппен қатынас орнатып, болашақта үлкен халықаралық конференция өткізсек деген жоспарымыз бар. Биылдан бастап халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаз оқушыларын «Бауыржан сыйымен» марапаттауды жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек мектеп ұжымы әр тоқсанда бір болатын «Бауыржантану» ашық сабағын оқу бағдарламасына қосуды жоспарлап отыр. Мұндай қадам халық қаһарманының есімін тиісті деңгейде ұлықтауға және оқушы бойында патриоттық сезімін оятуға үлес қосары сөзсіз.

Альмира Оразбай, Қанат Махмудов