Рақымжан Қошқарбаев ерлігі қазақ жауынгерлеріне рух береді
«Айбын» орденінің ІІІ дәрежесіне Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.
Майдан даласында от пен оққа қарамастан, әскерді жеңіске жетелеген батырға осылай құрмет көрсетіліп жатыр. «Рейхстагқа Ту тіккен «Халық қаһарманының» ерлігі, кейінгі қазақ жауынгерлеріне рух береді», - дейді тарихшылар. Рақымжан Қошқарбаев тағдыр тауқыметін ерте тартты. 4 жасында анасынан айырылса, кейін әкесі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Жетім қалған жеткіншек Тайтөбе ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленді.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
-Рақымжан Қошқарбаев бала күнінде дәріс алған ғимарат әлі сақтаулы. Тек қазір жеке тұрғын үй ретінде қолданылады. Салынғанына бір ғасыр болса да, мінекей, әлі сыр бере қоймаған. Қабырғаға даңқты батыр туралы ескерткіш тақта орнатылған.
Бикеш Бесімбаева, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Енді тұратын болғасын жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жолдасым марқұм болып кетті. Ол кісі бұл үйді бұзбады. «Өйткені тарихи нысан болғасын алып қаламын мұны, батыр бабамыздың дәріс алған жері», - деп осы күйінде сақтап қалды.
Жетім өскен бозбаланың кейінгі тағдыры сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Ол 18 жасында әскер қатарына алынған. Кейін Бішкектегі әскери училищеде білім алып, үздік тәмамдады. 1944 жылы майданға жіберіліп, Брест арқылы Польша жеріне жетті.
Қанат Еңсенов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Польшаны азат етеді. Одан кейін Германия жеріне кірген кезде Одер өзені дейді, содан Берлинге дейінгі аралықта көп шайқастан өткен. Сонда өте тегеурінді іс-әрекет көрсетіп, ылғи жеңістермен көзге түскен. Сонда бірнеше марапат алған. Мысалы, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», тағы да әскери операцияларға қатысқаны үшін «І дәрежелі ҰОС» орденімен, «Қызыл Ту» орденімен, басқа да медальдермен марапатталған.
Рақымжан Қошқарбаев «Берлин операциясы» кезінде жанкештілік танытып, жауынгерлердің жігерін жаныды. Қарша бораған оққа қарамастан, Григорий Булатов екеуі Рейхстагқа алғаш жетіп, жеңіс Туын тікті. Алайда кеңестік кезеңде оларға лайықты марапат берілмеді. Тіпті тарихи сәт бұрмаланып, басқа есімдер аталды.
Қанат Еңсенов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:
-Егоров пен Кантария ту тікті деп, соларды насихаттаған. Ал шындық тұмшаланған. Шын мәнінде, 30 сәуір 1945 жылы сағат 14.25-те Туды бірінші болып тіккен Г.Булатов пен Р.Қошқарбаев болатын. Ал М.Егоров пен М.Кантария түнгі сағат он жарымда тіккен. Міне, айырмашылық қандай. Қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыз 2014 жылдары РФ Қорғаныс министрлігіне қарасты орталық мемлекеттік архивінен сұрау салып, алған кезде сол құжаттар шынымен бар екен.
Жеңіс туын желбіреткен қазақ жауынгеріне «Кеңес Одағының батыры» атағы ақыры берілмей қойды. Тек өзі дүниеден өткен соң, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атанды. Ал жуырда оның есімі «Айбын» орденінің ІІІ дәрежесіне берілді.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-«Айбын» – кәдімгі әскери ерлік үшін берілетін орден. Сондықтан ол жай ғана орден болып қалмайды. Ол да үлкен символдық мәні бар деп айтуға болады. Біз осылай қазіргі Қазақстанды сол кездегі Қазақстанның мұрагері ретінде көрсетіп жатырмыз. Біздің қазіргі әскер сол батырларымыздың мұрагерлері деп көрсетіп жатырмыз.
Еркебұлан Смадияров,тілші:
-Ал бұл Астана қаласына қойылған «Халық қаһарманының» ескерткіші. Рейхстагқа ту тіккен сәті бейнеленген. Бұдан бөлек оның есімі елді мекенге, білім ордалары мен көшелерге берілді. Қазақ жауынгерінің ерлігі осылай ұрпақтан ұрпаққа ұлықталып жатыр.
Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат