Елді мекендерде тасқыннан кейін дезинфекциялау жүріп жатыр

Су тасқыны кезінде, қауіпсіз жерге көшірілген 50 мыңнан астам тұрғын үйлеріне оралды, деп хабарлайды 24KZ.

Уақытша орналасу пунктерінде 6 мыңға жуық адам бар. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Торғай өзенінің деңгейі бақылауға алынған. Өткен тәулікте Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 704 үй мен 219 ауланың аумағынан судың бағыты бұрылды. Алматы қаласы, Абай, Қостанай, Павлодар облыстарынан қосымша күш пен техника Солтүстік Қазақстанға жіберілді. Қазір елді мекендерде тасқыннан кейін залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Асқар Шәріп, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Өткен тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында су басқан 97 үйде, Атырау облысының Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында 2 көпқабатты тұрғын үй мен аумақтарда дезинфекциялау жүргізді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің күштері Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы маңындағы аумақтарда жалпы ауданы 65,2 гектар су басқан аумақтарда дезинфекциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.