Алматыда С. Нұрмағамбетовті еске алу шарасы өтті
Алматылық әскерилер жыл сайын Отан қорғаушы күні Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі ескерткіш тақтаға гүл қояды.
Халық қаһарманы 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына аттанып, пулеметшiлер дайындайтын училищенi аяқтады. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанған. Польшаның Магнушев қаласын азат етуде ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жойды. Ерен ерлігі ескерусіз қалмай, небәрі 21 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. Сондай-ақ ол тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің іргетасын қалап, алғашқы Қорғаныс министрі болды. 1994 жылы батырға Халық Қаһарманы атағы мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етiлдi. Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу шарасына Алматы әскери қызметшілер, курсанттар, ардагерлер қатысты.
Бексұлтан Сәрсеков, «Қазақстан генералдар кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы:
- Осыдан 32 жыл бұрын генарал Нұрмағамбетовтің басқаруымен тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылып еді. Содан бері Қарулы Күштеріміз ең мықты болып, жауынгерлері жүректі болып келе жатыр. Соғыстан кейін туған азаматтардың тек қана бір тілегі, біздің Қарулы Күштеріміз мықты болып, біздің қазақ елін, Қазақстанның жерін қорғайтындай болсын. Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі бізге мәңгі үлгі болып өтсін.
Сондай-ақ Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара 28 гвардияшы панфиловшылар саябағында жалғасты. Мерекеге орай жоғары оқу орындарының курсанттары сап түзеді. Әскери оркестр патриоттық шығармалар орындады. Қарулы Күштердің ардагерлері, алматылықтар мен қала қонақтары даңқ мемориалына, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Раджан Жанысов, ҚР Қарулы Күштері Десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары:
- Біздің қазақ әскері ұтқыр, жақсы жабдықталған кәсіби армия болуы керек. Қазір бізде оған толық жағдай бар. Техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу, кәсіби дайындық, жеке құрамның дайындығы да, әскери қызметкерлеріміздің әлеуметтік мәселелерін мемлекет бақылап, жіті назарға алып жатыр.