Ақмола облысында 359 үй тамыздың ортасына дейін тапсырылуы тиіс

Ақмола облысында су тасқыны салдарынан апатты деп танылған 359 үйдің тұрғындары тамыз айынның ортасына дейін жаңа баспанаға қоныстануы тиіс. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Марат Ахметжановқа осындай тапсырма берді.

Жиынға құрылыс жұмыстарына жауапты компания өкілдері де қатысты. Жоспарға сай Атбасар қаласында әрқайсысы 45 пәтерлік екі тұрғын үй салу көзделген. Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй бой көтереді. Сондай-ақ Көкшетауда 89, Жарқайың ауданында 27, Есіл ауданында 22, Астрахан ауданында 34 және Жақсы ауданында 10 дайын баспана сатып алынады. Тұрғын үйлерді жөндеп, жаңасын салуға бас-аяғы 10,5 млрд теңге  қажет. Оның 6 млрд теңгесін 2 компания береді. Қанат Бозымбаев жұмыс кестесі бекітілгенін және мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінетінін атап өтті.