Спорт пен қызметті ұштастырған ару Павлодарда тұрады
Полиция қызметкерлері арасында спортқа ден қойғандар көп.
Солардың бірі – Әсел Әбдіраманова. Ол диск лақтырудан екі мәрте рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Жеңіл атлетикадан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Әселдің еншісінде жүзге тарта медаль бар. Оның тоғызы – алтын.
Полиция подполковнигі Әсел Әбдіраманова Отан Қорғаушы күніне орай қызмет бабында қаза тапқан әріптестеріне тағзым етті. Ерлік, абырой, міндет. Бұл әрбір Отан қорғаушыға ортақ ұстаным.
Еңбек жолын қылмыстық атқару жүйесінен бастаған Әселдің өмірі – көпке өнеге. Әр сайыста жеңіс тұғырынан көрінетін қайсар қызды әріптестері мақтан тұтады.
Татьяна Абрамова, Облыстық ПД басқармасының аға инспекторы:
-Әселді жарысқа шығарып салғанда, біз оның жеңіспен оралатынына сенеміз. Әрбір жеңісіне ұжым болып қуанамыз. Оның табандылығы мен қажыр-қайратына қарап, алда талай биік-белестерді бағындыратынына сенеміз.
Әсел Әбдіраманова құқық қорғау саласында жиырма жылдай қызмет етеді. Спортпен жеті жыл кәсіби түрде айналысады. Осы аралықта көптеген спорттық жарыста топ жарды. Әрбір жеңісін өзі сүйіп таңдаған мамандығы полицияның беделін көтеруге арнайды.
Қанат Шакуов, жаттықтырушы:
-Бір күні маған келіп, аттестация кезінде көрсеткен нәтижелеріне ғана емес жалпы өзінің физикалық жағдайына көңілі толмай жүргенін айтты. Біз жаттықтыруды бастап кеттік. Алғашқыда әдістемеге сәйкес жаттықтырып жүрдім. Кейін Әселдің құлшынысына қарап, жарыстарға қатысуына жол аштым. Жеңіс тұғырынан көрінген сайын ол ширай түсті. Жаттығуларды жібермейді. Қызығушылығы өте жоғары.
Әсел Әбдіраманова Павлодардың оңтүстік полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарады. Полиция қызметкері өзінің ғана емес азаматтардың да өмірін қорғауы керек деп санайды.
Әсел Әбдіраманова, учаскелік полиция инспекторы:
-Мен тек жүгіріп қана қоймай, атуға да қатысамын, сонымен қатар дискі лақтыру, жүгіру, ұзындыққа секіру, үштік секіру, яғни мен спорттың бірнеше түрімен айналысамын. Ал жеңіл атлетика спорт падишасы саналады. Бұл физикалық жоғары даярлық дер едім.
Полиция қызметкері алты бірдей Қазақстан чемпионатына қатысқан. Оның қоржынында 9 алтын жүлде бар. Медальдарының жалпы саны жүзге жуықтаған. «Мен үшін барлық марапат қымбат», - дейді өзі. Өйткені оның артында жаттықтарушылары мен әріптестерінің сенімі, өзінің табандылығы жатыр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев